Жаңалықтар

Еріктілер қоғамға аянбай көмек беруде

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Мусин мен Назарбаев Университетіндегі  «Қызыл ай» қоғамының кеңесшісі Арай Жабашпен сұхбат
Еріктілер қоғамға аянбай көмек беруде
Фото: Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы 06.09.2022 20:01 4990

1985 жылдан бері 5 қыркүйек БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысымен дүниежүзі бойынша халықаралық волонтерлер күні болып бекітілген еді. Қай кезде де болсын еріктілердің қоғамда алатын орны ерекше. Олар өз еріктерімен қандай да бір ақыны талап етпей, халыққа үнемі қолұшын созуға дайын жандар. «Кең болсаң – кем болмайсың» демекші, қайырымдылық жасау игі істердің бірі. Қазіргі таңда мұндай жанашыр адамдар мен қайырымдылық қорларының елімізде көбейіп келе жатқандығы қуантарлық жайт. Волонтерлік қызметпен жақын таныс болу үшін ел үшін еңбегі ерен еріктілерімен жеке сұхбаттастық.

Бүгінде ел арасында белсенді түрде еріктілікпен қызмет атқарып келе жатқан ұйымдардың бірі – Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы. Орталық 2013 жылдан бері халық үшін жұмыс жасап келеді.

Аталған орталықтың басшысы Нұрлыбек Мусин 2009 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарға қосылып, ерікті ретінде қызмет ете бастады. Сол кезден бері әртүрлі ұйымдарда менеджер, төраға ретінде жұмыс істеп, 2016 жылдан бері Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы ретінде қызмет етіп келеді. Нұрлыбек Құмарұлы еліміздегі еріктілер ұйымдары дамып келе жатыр деген ойда.

«Еріктілікпен айналысудың мәні – әрбір қазақстандықтың бойындағы патриоттық сезімнің нық болуында. Қазақстанның азаматы ретінде барлығымыз волонтер болып, мүмкіндігінше, қолдан келгенше көмектесуіміз қажет. Волонтерлік қызмет қай уақытта болса да жоғары бағаланған және бағаланады да. Бүгінде елімізде сан алуан еріктілердің ұйымы көбейіп, уақыт өткен сайын дамып келе жатыр. Болашақта олардың саны одан әрі арта түседі деген сенемін», – деп айтты Нұрлыбек Мусин.

Еліміздегі еріктілер қандай жағдай болса да белсене атсалысып, қолұшын созуға дайын екені белгілі. Олардың еңбектері мемлекет тарапынан еленіп, марапатталып отырады.

«Жақында, 1 ай бұрын Түркістанда Орталық Азия волонтерлер форумы өтті. Оған Ақтөбе облысындағы өзіміздің белсенді жастарымыз қатысты. Қазір заңды түрде еріктілерге ұсыныстар беріліп жатыр. Волонтерлікпен айналысып жүрген кез келген адамның қызметі еңбек кітапшасына тіркеледі. Бұл оның алдағы уақытта мемлекеттік жұмысқа оңай орналасуына септігін тигізеді. Одан бөлек мемлекет тарапынан жақсы жұмыс істеген, бос уақыттарын тиімді өткізген еріктілерге мемлекеттік сыйақы, алғыс хат, «Парасат», «Шапағат» деген сияқты медальдармен марапаттайды», – дейді Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы.

Сондай-ақ Нұрлыбек Мусин қазіргі таңда қиын жағдайға тап болған Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқанын айтады. Ақтөбедегі көмек тікелей Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен жүзеге асқан.

Еріктілер қоғамға аянбай көмек беруде

Еріктілер қоғамға аянбай көмек беруде

«Қостанайдағы болған жағдайды естігелі бері Ұлттық волонтерлік желі, жастар тарапынан, жан-жақтан гуманитарлық көмек беру туралы әртүрлі ұсыныстар түсті. Содан кейін біз Қостанай облысының халқына қолұшын созу үшін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өз бастамасымен жедел түрде штаб құрдық. Гуманитарлық көмек беруге ұмтылғандар бар жинаған азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешекті ауыр жүк көліктерімен салып жіберді», – деді Нұрлыбек Құмарұлы.

Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының басшысының айтуы бойынша, қазіргі таңда зардап шеккендерге қаржылай қолдау білдіру үшін әр ауданнан ақша жиналып жатыр. Оның ішінде өз ұйымы да белсене қолдау білдіру үстінде.

«Қазіргі таңда зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету үшін қайырымдылық қорлары ашылып, жан-жақтан мүмкіндігінше ақша жиналып жатыр. Біз Ақтөбе Облыстық жастар ресурстық орталығының атынан да қаржылай қолдау білдіріп жатырмыз. Қазірдің өзінде көмек көрсетіп жатқан әр ауданнан шамамен 2-3 миллион теңгеден жиылу үстінде», – деп айтты Нұрлыбек Мусин.

Қаржының барлығы толығымен жиналып біткен соң бірден қостанайлықтарға жөнелтіледі деп жоспарланып отыр.

Адамға адам керек болған соң, менің де көмек көрсеткім келді

Арай Жабаш – Назарбаев Университетіндегі Қызыл ай қоғамының еріктілерінің бір мүшесі, әрі кеңесшісі. Ол 2019 жылдан бері волонтер ретінде елімізге қызмет етіп келе жатыр. Университет қабырғасында жүріп-ақ Евразиялық форум, Құрылысшылар көрмесінің өтуіне тікелей атсалысқан. Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыс жасап, яғни халыққа әлеуметтік көмек көрсетумен айналысқан. Балаларға инклюзивті білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау саласында да қызмет ете отырып, халық арасында қайырымдылық көрмелерін ұйымдастырған. Астана Қызыл ай ұйымының қолдауымен көпбалалы, күнкөріс деңгейі төмен отбасыдан шыққан балаларға арнап түрлі іс-шараларды өтікізіп тұрады.

Арай Жабаштың волонтерлікке деген қызығушылығы 2018 жылдары басталған. Ол кез келген адам өзінің әлеуметтік жағдайына қарамастан өзгелермен құқы бірдей деңгейде деп есептейді. Адамның шынайы қызығушылығы, ниеті болған жағдайда ғана өзгеге жәрдем бере алады деп ойлайды.

«Мен алғаш рет 2018 жылы «Education for all» деген инклюзивті оқу жобасына қатыстым. Себебі жобаның өзіне қатты қызығушылық таныттым. Барлық адам мүмкіндігіне, денсаулығына қарамастан қоғамның бөлшегі болуға, білім алуға, уақытын барынша қызық өткізуге құқы бар. Адамға адам керек болған соң, менің де көмек көрсеткім келді», – деді Назарбаев Университетіндегі Қызыл ай қоғамының кеңесшісі.

Еріктіге айналып, ешқандай табысты көздеместен, шын жүректен қоғамға пайдаңды тигізу оңай іс емес. Ол үшін нағыз таза жүрек пен шынайы ниет қажет. Сонда ерікті адамның бойында қандай қасиет болуы керек? Бұл туралы осы тұста Назарбаев Университетіндегі Қызыл ай қоғамының еріктісі тоқтала кетті.

«Волонтердің бойында адамгершілік, жауапкершілік, қоғамға деген жанашырлық қасиеттері болуы қажет. Сондай-ақ шыдамдылық қасиетінің де алатын маңызы зор. Өйткені ерікті адам әртүрлі жағдайға түсіп қалуы мүмкін. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орната білгені жөн. Ерікті адам қоғаммен тығыз араласатындықтан бойына ең жақсы қасиеттерді жинауы қажет. Ерікті болғысы келетін адам қандай да бір табысқа ие боламын, пайда көріп қаламын деп ойламауы тиіс. Ең бастысы «Мен әлемге қалай көмек бере аламын? Мен қоғамға қалай пайдамды тигіземін?» деген ой тұруы керек. Волонтерліктің өзінің бірнеше түрі бар. Оған өзіңді мәжбүрлеп әкелудің қажеті жоқ», – деп ойлайды Арай Жабаш.

Волонтерлікпен айналысу әр адамға әртүрлі сезім қалдырады. Әркімге өзінше бір бақытты сезінгендей болады. Арай Жабаш волонтерлік жұмыспен айналысу барысындағы басынан кешкен қызық сәттің бірімен бөлісе кетті.

«Біз университетте көпбалалы, табасы төмен отбасылардың балаларына арнап жәрмеңке өткізген болатынбыз. Балаларға ақысыз, яғни тегін сабақ бердік. Сонымен қатар олардың қолдан жасаған бұйымдары, заттары бар болған болса, оны сатттық. Бұл өткізген іс-шарадан 750 мың теңге қаражат жиналды. Ол ақшаға «Бақытты шаңырақ» фонды 1 маусым күні балаларға арнап концерт өткізді. Біз ол концертке қуана қатыстық. Есімдерімізді атап, концерттің өтуіне себепші болған жандар деп алғысын білдіргенде қандай ерекше сезімде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын», – деп айтты Назарбаев Университетіндегі Қызыл ай қоғамының еріктісі.

Арай Жабаштың пікірінше, қазіргі жастарды волонтерлікке баулу үшін мектептердегі ұйымдарды дамыту қажет.

«Менің ойымша мектептердегі волонтерлік ұйымдарды дамыту бағыты қолға алынуы керек. Егер қала бойынша жұмыс істейтін ұйымдар мектептермен тығыз қарым-қатынас жасайтын болса, сол кезде волонтерлікке келетін балалар саны көбеюі мүмкін», – деп айтты Назарбаев Университетіндегі Қызыл ай қоғамының кеңесшісі.

Сонымен қатар Назарбаев Университетіндегі Қызыл ай қоғамының кеңесшісі әртүрлі волонтерлік жұмысты істеп көргенінің арқасында оқушылар өзінің немен айналысқысы келетінін ұғына алады, яғни мамандығын мектеп оқып жүрген кезінен-ақ таңдап қоюына көмек болады деп ойлайды.

Одан бөлек Арай Жабаш Назарбаев Университетінінің атынан Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге көмек беру үшін студенттердің атсалысып жатқандығын айта кетті. Әзірге қанша тауардың жиналғаны белгісіз. Себебі жинақтау жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр..

«Қазір біздің ұйым Қостанайдағы болған оқиғаға қатысты гуманитарлық көмек жинау үстінде. Яғни олар сапасы жоғары тауарлар, азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, дәрі-дәрмек, жеке гигиена тауарлары. Біз студенттердің атынан жинап жатқандықтан, қаржылай көмек бергеннен гөрі зат, тауар ретінде жәрдемдескеніміз дұрыс болады деп шештік», – Назарбаев Университетіндегі Қызыл ай қоғамының еріктісі.

Қажетті зат мөлшері жиналып біткен соң, Астана Қызыл ай қоғамы Қазақстан Қызыл ай қоғамымен тығыз байланыс жасай отырып, барлығын бірден Қостанай облысына жіберуді жоспарлап отыр.

«Қазіргі уақытта менің волонтерлік жұмысым денсаулық сақтауға қатысты жұмыспен байланысты. MedSupportKZ ұйымында жұмыс жасап жатырмын. Денсаулық күтіміне қатысты ақпаратты түрлі тәсіл арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізумен айналысамын», – Назарбаев Университетіндегі Қызыл ай қоғамының кеңесшісі Арай Жабаш.

Еске сала кетсек, 2020 жыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Волонтерлер жылы» болып бекітілген еді. Президентіміз қоғамда белсене атсалыса отырып, әрбір мұқтаж жанға көмек беретін волонтерлерге арнайы алғысын да білдірген болатын. Сондықтан да бір ел болып, қиын сәтте бір-бірімізге қолдау білдіріп, қолұшын созу, демеу беру – әрбір азаматтың парызы!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға