Жаңалықтар

Еріктілер форумы: Қайырымдылық жасау өмірімнің маңызды бөлігіне айналды – Ақбота Болатбекқызы

Еріктілер форумы: Қайырымдылық жасау өмірімнің маңызды бөлігіне айналды – Ақбота Болатбекқызы
Фото: Жеке мұрағаттан 16.06.2023 18:16 1569

«Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді», дейді К.Д.Ушинский. Мұқтаж жанға көмектесіп, жақыныңа жәрдемші болу – қазақы дәстүрдің мәйегі. Бүгінгі таңда жығылғанды сүйеп, жылағанды уатып жүрген, Отанымыздың өркендеуі мен кемел келешек үшін адал терін төгіп жүрген еріктілердің қатары аз емес. Соның бірі – Jas Ulan Team республикалық волонтерлер штабының жетекшісі Ақбота Болатбекқызы. Ол – қаршадайынан тартып өзгелерге көмек қолын созу арқылы жанына бақыт сыйлап келеді.

– Ақбота Болатбекқызы, еріктілер өз ісін айтып, басқаларға көрсеткісі келмейді. Бәрін үнсіз, жүрек қалауымен атқарады. Ең алғаш біреуге көмектесіп, оның ризашылығына көңіліңіз марқайған кез есіңізде ме?

– Иә, әрине, есімде, волонтерлік бағытқа небәрі 14 жасымда келген болатынмын. Өзім алғашқы болып көмек қолын созған жан – көршім соғыс ардагері еді. Сегізінші сыныпта жаз бойы үйін жиыстырып, ауласындағы жұмыстарын реттеп бергенім үшін молынан алғысқа ие болған едім. Сол кезде мен жүрегімнің қалауымен бұл маған етене жақын дүние екенін нық түсіндім.

– Басқаларға көмектесу, жәрдемші болу деген ғажайып қасиет ең әуелі бойыңызға әке-шеше, ата-апаңыздың, қазақы тәрбиенің әсерімен жұққан болар?

– Негізі, қазақы салт-дәстүрлерді ұстанатын, тәрбиеге қатты көңіл бөлетін отбасыдан шыққан қыз баламын. Әкем әрқашан қолыңнан келгенше айналаңдағы жандарға көмек көрсетіп, тек жақсылықтың көбеюіне себепші бол деп айтып отырады. Анашым болса адамдардың тек батасына ие болып жүр деген қағидаларды сіңіріп келеді.

– Бұл күндері елге игілікті қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

– Волонтерлік қозғалыстың басы қасында біраз жыл бойы тәжірибе жинап үлгерген жайым бар, соңғы жылдары біздің ұйым («Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы) экологиялық бағытқа көп көңіл бөлуде. Бүгінгі әлемнің алдында тұрған осындай ахуалдың шешілуіне кішкене болса да үлесімізді қосуға тырысудамыз. Айта кететін болсам, экоағартушылық жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеміз, Қазақстан шеңберінде 1000 аса волонтер арнайы оқытудан өтті, дармарка деген жаңа қозғалысты дәріптеудеміз (көптеген заттарға екінші өмір беру), қазақ тілінде арнайы бейнекурстар дайындалды (you tube желісінде ашық жарияланымда), 3500 түп ағаш отырғызылды (өңірлерді қоса алғанда), 500 астам белсенді деген эковолонтерлермен «World clean up day» бүкіләлемдік акциясын қолдап келеміз. Қоса кететін дүние екі тілде «Eco Alem» экологиялық үстел ойынын құрастырып шығардық.

– Ерікті болып адал теріңді төгудің сізге сыйлар қуанышы мен бақыты қандай?

– Мұндай шешімді, яғни жан қалауыммен волонтер боламын дегенді екінің бірі ұстана бермейді, ал мен үшін бұл өмірімнің маңызды бөлігі деп едім. Себебі айтылған әрбір алғыс, бата, сыйлаған күлкі, жылы ниет пен көзқарас әрі қарай тоқтап қалмауыма серпіліс береді. Осы орайда М.Гандидің сөзі есіме түсіп отыр «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» деген. Нақты осы ойды ұстанымға айналдырып келе жатқанымның өзі мені бақытқа жақындата түсуде деп ойлаймын.

– Егер Құдіреттің күшімен сіздің бір тілегіңіз қабыл болатын болса, онда дәл қазір не істер едіңіз? 

– Шыны керек, мұндай мүмкіншілік жайлы тіпті ойланып көрмеппін, егер дәл сондай мүмкіндік болса әлемде жақсылық жасауға құштар жандар жоғалмасын дер едім. Себебі, мұндай жандар барда әлемде тепе-таңдік сақталатынына сенгім келеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға