Еріктілер форумы: Әрбір қайырымдылық шара мәңгі есте қалады – Гүлім Қалдаяқ
Қайырымдылық – қазақтың қанына сіңген ғадеті. Көріп тұрып біреуге көмектеспеу көргенсіздік. Қиналғанға қол ұшын беріп, елге жасаған жақсылығымен марқаятын ұлтымыздың асыл қасиетін бойтұмар қылып ұстап жүрген жастардың легі күн өткен сайын молайып келеді. Сол жастардың бірі, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттік ректоры және Түркістан Облыстық “Жас Қадам” еріктілер ұйымының жетекшісі Гүлім Қалдаяқпен аз-кем сыр-сұхбат құрған едік.
– Қайырлы күн, Гүлім ханым! Ерікті деген ел сүйінер осы жолды жүрегіңіздің қалауы, жаныңыздың құптауымен таңдаған боларсыз?
– Қайырлы күн! Әрине, ерікті болуды ең әуелі жанымның қалауымен таңдаған болатынмын және де еріктілік саласына мені қызықтыра білген аға-әпкелерімнің де септігі тиді деп айта аламын.
– Ең алғаш біреуге көмектесіп, алғысын алған күн есіңізде ме?
– Ең алғаш рет енді мектеп бітіріп, университетте 1 курс оқып жүрген кезімде болған еді. 2020 жылы Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығымен бірге жаңа жыл қарсаңында тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсеткен болатынбыз.
– Сол алғашқы көмек сізге қандай әсер сыйлады?
– Енді бұл менің еріктілік саласындағы ең алғашқы көмек көрсетуім болды. Әрине ол кездегі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сен әр түрлі үйге барасың, ол үйдің жағдайын көресің, кішкентай бүлдіршіндердің үстіне тозығы жеткен киім киіп алғанын көресің, қатқан нан мен қара шай ішіп күн көріп жатқан ананың «осы күніме де Аллаға сансыз шүкір» деп айтқанын естігенде, көзге еріксіз жас келді.
Мен өзім кішкентайымнан жоқшылықты көрмей, үйдің ерке қызы болып өскеннен соң, көп дүниенің қадірін түсіне бермеген екенмін. Бірақ осы еріктілік саласына келген күннен бастап мен кішкентай дүниенің өзіне шүкір етіп, әрбір дүниенің қадірін түсінетін болдым.
– Сіз Түркістан сынды қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан шықтыңыз. Қазақтың дәстүрлі мәдениеті көпшіл болуға, қолыңнан келген көмекті өзгеден аямауға үйретері қақ. Әке-шешеңіздің, отбасыңыздың тәрбиесі, көрсеткен үлгісі туралы айта кетсеңіз.
– Ең алдымен отбасым туралы айта кетейін. Біздің отбасыда негізі үш адамбыз, анам, әпкем және мен. Ал енді отбасыдағы тәрбиеге келетін болсақ, бізге кішкентай кезімізден бастап анам әпкем екеумізге жиі айтатын сөзі “Ең бастысы біреудің ала жібін аттамаңдар. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүріңдер” деген секілді әрбір ананың айтатын сөзін бізде санамызға құйып, соны тыңдап өстік және де анамның тағы бір сөзі “Сендер жақсылық жасасаңдар да, жамандық жасасаңдар да, адамдардың алғысы мен қарғысы маған келетінін ұмытпаңдар” деген сөзі мені көп жерде ұстап қалады. Пенде болғаннан соң кейде қателіктерге бой беріп қойып жатамыз ғой, бірақ осы сөздер есіме түскен кезде анамды ұятқа қалдырмайтындай әрекет етемін. Анам бір жағынан бізді отырғызып алып көп ақыл айта бермейтін, себебі бала айтқанын емес көргенін істейді демекші, анам тек өзінің жақсы жағымен ғана бізге көрінді, және біз толықтай анама қарап үлгі алып, сол кісі сияқты өсіп жетілдік.
– Тамаша! Jas Qadam еріктілер ұйымы қазіргі таңда қандай игілікті істермен айналысып жатыр?
– Жалпы Jas Qadam еріктілер ұйымы 2022 жылы Қанды қаңтар оқиғасы кезінде құрылған болатын. Сол уақыттан бері біршама жұмыстарды атқарып келдік. Облыстық деңгейді үлкен іс-шараларды ұйымдастырып, ерікті болдық. Еріктіліктің “Қамқор”, “Асыл мұра” “Таза әлем” бағыттары бойынша да біршама жұмыстарды жүргіздік. Бірақ өкінішке орай, дәл қазіргі уақытта ұйымның жұмысы уақытша тоқтап тұр. Себебі демалыс уақыты болғандықтан жастардың барлығы жан-жаққа демалуға кетті, мен де жұмыс барысымен қазір Алматы қаласындамын. Бірақ бұл тек уақытша, алдағы уақытта ұйым міндетті түрде қайта өз жұмысын бастайтын болады. Сонымен қатар Түркістан қаласында болмаған біршама жобаларды қолға алу жоспарлануда.
– Қазіргі таңда Қазақстанда ерікті болып қайырымдылықпен айналысқысы келетін жастар көп пе? Оларды бұл бағытта жұмыс істеуіне не түрткі болады?
– Енді қайырымдылықпен айналысқысы келетін жастар көп немесе аз деп айта алмаймын.
Жалпы бұл бағытта жұмыс жасауға не түрткі болатыны ол әр адам әр түрлі мақсатта келеді. Біреудің келуіне жанындағы жақыны себепкер болады. Ал біреуі шынайы халықпен бірге болғысы келіп, қолынан келгенше көмек қолын созғысы келеді және кей бір жастар тек бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында келеді.
Ал менің өзім бұл жұмысқа жанымның рахаты үшін келдім. Себебі маған адамдарға көмек көрсеткен, үлкен ортада жүрген ұнайды. Және де мен энергияны қоғамнан аламын.
– Қайырымдылық шарасымен айналысып жүргенде қандай да бір естен кетпес оқиғалармен бетпе-бет келген боларсыз? Өзіңіздің есіңізден кетпейтін бірін әңгімелеп бере аласыз ба?
– Шыны керек осы уақытқа дейін көптеген қайырымдылық шаралардың қатысушысы да, ұйымдастырушысы да болдым. Әрбір жасаған қайырымдылық шарамыз мәңгілік есте қалады деп ойлаймын. Себебі ол жердегі көріністерді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Соңғы жасаған қайырымдылық бойынша айта кетейін. Біз жылына 5-6 рет балалар үйіне барып тұратынбыз, ұйымдағы жастармен, Жастар орталығымен және өзімнің достарыммен. Бірақ мен қанша барсам да мүлдем ішке кіріп балалармен ойнап, бірге көңіл көтермейтінмін, барлық қажетті заттарды алып барамыз, тамақ жасаймыз, балалармен жолығатын кезде мен шығып кетіп, көлікте отыратынмын. Себебі мен әлі ондай ерекше балалармен жолығуға дайын емес едім.
Ал енді осыдан бір жарым ай бұрын біз Арыс қаласындағы балалар үйіне барған болатынбыз. Бұл жолы мен ең алдымен өзімді және командамдағы жастарды дайындап алып бардым.
Бұндай жерлерге бармас бұрын адам өзі іштей дайын болу керек, себебі ол жердің атмосферасы мүлдем бөлек, сен психология жағынан да мықты болуың қажет.
Жеткен соң концерттік бағдарлама қойып, ойын ойнатып, билетіп, кешкі ас бердік. Біз барудан ілгері балалардың толық тізімін қарап, олардың жастарына қарай өздеріне қажетті заттарын алып барған болатынбыз. Біз баратын күн үш бірдей кішкентай сіңілдеріміздің туған күніне тура келеді екен. Сосын біз оларға торт, сыйлық алып дайындалып бардық. Ал енді ақырындап бірінші концерттік бағдарламамызды бастадық, басында барлығы ойдағыдай болып келе жатқан. Бір уақытта сахнаға 5-6 жасар қыз шығып Ана туралы ән айтқан кезде мен өзімді ұстай алмай қалдым. Көзден еріксіз тоқтамай жас ақты. Сыртқа шығып қатты жылап алдым. Сол кезде адамдарға деген бір қатты ренішім болды. Не деген тас жүрек болып бара жатырмыз, бізде неге мұндай балалар үйі, қарттар үйі деген болу керек неге? неге? неге? деген сұрақ болды. Және балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ең кішкентай бала 3 жаста. Ойлаңыздаршы, 3 жасар 2 бала, қандай қиын, иә?!
Әрине өзімізді «Қайтеміз, енді тағдыр ғой» деп жұбатып қоямыз.
Балалар үйінде өзге ұлт өкілдерінен орыс, татар, өзбек, тәжік, украин елдерінің балалары бар. Ол балалармен сөйлессеңіз барлығы толығымен Қазақ тілінде сөйлейді. Кейбіреуі әңгіме барысында маған “Әпке мен қазақпын, мен Қазақстанды жақсы көремін” дегенде ерекше бір сезім болады екен.
Және ең қиынға соққаны ол қоштасатын уақыт. Кешкі сағат 22:00-де қоштасып шығып жатқанбыз, қоштасып жатқанда барлығымыз жылап, бір-бірімізді қимай 1 сағаттан аса уақыт қоштасып тұрдық. Бізге “Тағы да келіңіздерші өтініш”, “23 май менің туған күнім, маған да осылай құттықтап келіңіздерші”, “Сіздер басқа келетін адамдарға қарағанда ерекше қатты ұнадыңыздар, жиі келіп тұрыңыздаршы” деп балалар жылап қимай-қимай шығарып салды.
Одан соң жолға шыққанда, көліктің ішіндегі атмосфера бөлек болды. Көп жастар сол мезетте ата-аналарына хабарласып алғыстарын айтып, жақсы көретіндерін жеткізіп жылап та алды.
Сол кезде шыны керек қуандым, себебі менің бұл жолғы алып барған командам Қазақстанның түпкір түпкірінен жиналған, орысшаланып кеткен студент жастар болды. Әр күндерін бүгінгі күнім үйтіп-бұйтіп өтті-ау деп, ата-аналарына еркелеп жүрген балалар еді. Олар осы балалар үйіне барған кездегі сәттерін әлеуметтік желіге салып, өздерінің сезімдерімен бөлісіп жазғанын оқыған кезімде, бұл кездесу тек Балалар үйіндегі балаларға ғана емес, менің ерке кішкентай командамдағы балаларға да жақсы жағынан әсер еткен екен ғой деп бір керемет сезім болды.
– Егер Құдіреттің күшімен сіздің қолыңызға алтын балық түсіп, бір тілегіңізді орындаймын десе, онда дәл қазір не тілер едіңіз?
– Егер дәл солдай мүмкіндік болса, ең алдымен елімнің амандығы мен біртұтастығын тілеймін. Және де әлемде жақсылық жасауға жаны құмар жандардың саны көп болсыншы дер едім. Себебі, мұндай жандар барда тепе-теңдік сақталып, әлем керемет болар ма елідеймін.
– Шынайы әңгімеңіз үшін рақмет!