Еріктілер астаналық нәзікжандыларға тосынсый жасады

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері аудан әкімдіктерімен бірге мерекелік акцияны жалғастыруда, оның аясында елорда тұрғындарын 8 наурыздан бастап құттықтап, гүл шоқтарын сыйлайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің ресми сайты таратқан мәлімет бойынша, іс-шараның мақсаты - халықаралық әйелдер күнінің маңыздылығына назар аудару, сондай-ақ ауданда жағымды және мерекелік атмосфера құру.
Біз шоколад пен гүл тараттық. Бұл акция арқылы әйелдерге күлкі, жақсы көңіл күй мен жағымды эмоция сыйлағымыз келді. Айта кетейік, бұл іс-шараны кешеден бері өткізіп келеміз, - деді еріктілердің бірі Айдан Байғандыев.
Астаналық нәзікжандылар бөгде адамдардың күтпеген жерден гүлмен құттықтауы қуаныш сыйлағанын жасырмады.
Жастарға көрсеткен құрметі үшін алғыс айтамын. Осы керемет күнде баршаңызға бақыт пен махаббат тілеймін, - деді Жамал Айтпаева.
Еріктілер қазірдің өзінде мыңнан аса қызғалдақ сыйлады. Акция әлі де жалғасуда.
