Ерікті қоныс аудару: қазақстандықтар қай өңірлерге көшкен
![Ерікті қоныс аудару: қазақстандықтар қай өңірлерге көшкен Ерікті қоныс аудару: қазақстандықтар қай өңірлерге көшкен](/storage/storage/element/2025/02/11/mainphoto/141989/1200xauto_lrkOzZKa4qD37GoD62BZDe6QJApLDjY3xovrnCNW.jpg)
2024 жылы 9 мыңға жуық адам өз еркімен қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ЕХӘҚМ мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ерікті қоныс аудару аясында жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 8 950 адам, оның ішінде 3 000 қандас және 5 950 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Қоныстандыру өңірлері бөлінісінде Павлодар облысына – 3 422 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 2 547 адам, Қостанай облысына – 1 020 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 781 адам, Ақмола облысына – 537 адам, Абай облысына – 530 адам, Ұлытау облысына – 70 адам, Қарағанды облысына – 43 адам қоныс аударды.
Қоныстану аймақтарына көшкен қандастарымыз негізінен Моңғолиядан – 1 072 адам, Өзбекстаннан – 908 адам, ҚХР – 762 адам, Ресейден – 164 адам, басқа елдерден – 94 адам келген, - делінген мәліметте.
Келушілер қатарынан еңбекке қабілетті жастағы 4 279 адамның (қоныс аударушылар мен қандастар) 2 721-сі тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 207 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысуда, бизнес ашу үшін 25 адам грант алды.
Қоныс аударушылар мен қандастар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, білім беру, өнеркәсіп және т.б. салаларыға жұмысқа орналасты.
Естеріңізге сала кетейік, ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)