Жаңалықтар

Ерекше тауарларды бақылауда делдалдық қызметті қадағалау күшейеді

Осы арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашылады
Ерекше тауарларды бақылауда делдалдық қызметті қадағалау күшейеді
Фото: gov.kz 09.12.2022 02:30 1106

Елімізде ерекше тауарларды бақылау саласында делдалдық қызметке қадағалау күшейтілуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Парламент Сенатының жалпы отырысында айтты.

Депутаттардың назарына «Ерекше тауарларды бақылау туралы» Заң жобасы бірінші және екінші оқылымдарда ұсынылды. Бұл заң жобасы экспортты, импортты, реэкспортты (кері экспортты), транзитті бақылаудың, сондай-ақ нақты тауарлар саласында қызметтер көрсетудің ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Осы арқылы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қару-жарақтың заңсыз саудасына жол бермеу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді сақтау көзделіп отыр.

Аталған реформа тәуекелдерді бағалаудың өлшемшарттарын, мемлекеттік органдардың арасындағы өзара ақпараттық іс-қимылды енгізуге, жеке және заңды тұлғалардың ерекше тауарларды бақылау саласындағы делдалдық қызметтер көрсетуін қадағалауды күшейтуге септігін тигізеді, - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен бірге осы өзгеріс импортталған нақты тауарларды мақсатына қарай түпкілікті пайдалануына тексеріс жүргізуге, сондай-ақ еліміздің аумағында үшінші тұлғаларға беру тәртібін белгілейтінін айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек отандық өндірушілердің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін «Жалпы лицензиялау» тәртібі мен Халықаралық импорттық сертификат енгізіледі. «Жалпы лицензиялау» – Қазақстанның аумағында шығарылатын бірнеше мақсатқа арналған тауарларды контрагенттер мен басқа елдерге бір ғана лицензиямен экспорттауға мүмкіндік береді.

Осы ретте бұл заң жобасы «Экспорттық бақылау туралы» ҚР Заңының жаңа нұсқасы саналатынын айта кеткен орынды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы қолданыстағы заңнаманы негізгі реформаға сәйкестендіру үшін әзірленіп отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға