Жаңалықтар

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны 230 мыңнан асты

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны 230 мыңнан асты
Фото: gov.kz 25.03.2025 18:02 176

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты әзірленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру және инклюзивті, арнайы білім беруді жүйелі дамыту  мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі 
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірледі. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Құжат арнайы білім берудің шарттарына, сапасы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптарды айқындайды, сондай-ақ осындай қолдау көрсетуге жауапты ұйымдар мен мамандардың қызметін реттейді. Мемлекеттік деңгейде алғаш рет білім берудің барлық сатыларында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуге жүйелі тәсіл бекітіледі.

Бұйрық жобасы балалардың барлық санаттары үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ. Қазір сондай-ақ «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» ҚР Заңы әзірленуде, ол балалар мен  отбасыларын ведомствоаралық сүйемелдеудің институционалдық және құқықтық тетіктерін қамтитын болады, - деп атап өтті инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Лаура Бутабаева.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы министрлік инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы нормативтік базаға кешенді талдау жүргізді. Оның қорытындысы бойынша 15 Нормативтік-құқықтық акт бекітіліп, нәтижесінде,  балаларға туғаннан бастап мамандық алғанға дейінгі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі моделі енгізілді. Қолдау кабинеттеріне жаңа талаптар белгіленді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің жеке бағдарламалары әзірленді, педагог-ассистент, арнайы педагог және жеке көмекші сияқты жаңа лауазымдар енгізілді.

2024 жылдың деректері бойынша Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны 230 мыңнан асты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға