Жаңалықтар

Ердоған Тоқаевқа түркиялық электромобиль сыйлады

Ердоған Тоқаевқа түркиялық электромобиль сыйлады
Фото: Akorda.kz 03.11.2023 19:05 1195

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммитіне қатысқан Режеп Тайип Ердоғанға ілтипат білдіріп, елорда әуежайынан шығарып салды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Режеп Тайип Ердоған өзара құрметтің белгісі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркияда шығарылған TOGG электромобилін сыйға тартты. Сондай-ақ Мемлекет басшысына жаңа электрокарды өзі таныстырды.

Ердоған Тоқаевқа түркиялық электромобиль сыйлады

Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтып, әріптесін TOGG электромобилінің өндірісін табысты іске қосуымен құттықтады.

Togg T10X – Түркия электромобиль өндірісінің тұңғыш өнімі. Техникалық сипаттамасында инновациялық көлік жылдамдығын 4,8 секунд ішінде 100 шақырым/сағатқа дейін үдете алатыны айтылған.

Аталмыш көлік Бурса қаласындағы зауытта меншікті модульдік платформа негізінде құрастырылады. Яғни, келешекте осы модульдік платформа негізінде көліктің техникалық сипаттары технология мен заман талабына сай жаңартылып, жетілдіріліп отырады деген сөз.

Togg T10X аккумуляторы 28 минуттың ішінде 60% қуат жинайды. Өндіріс иелері 2030 жылға қарай аталмыш көліктің 1 млн данасын 5 сегмент бойынша шығаруды жоспарлап отыр.

Ердоған Тоқаевқа түркиялық электромобиль сыйлады

Түркия сайттарындағы мәліметтерге сүйенсек, бес есікті кроссоверге T10X индексінің берілуі де тегін емес. «Т» таңбасы «Türkiye» сөзінің басқы әрпі болса, 10 саны «С» сегментінің реттік нөмірін білдіреді. Ал «X» таңбасы көліктің шанағы кроссовер екенінен хабар береді.

Жалпы Togg брендінің тұңғыш электромобилі 2022 жылдың күзінен бері құрастырылып келеді. Бұған дейін Түркия автомобиль индустриясының жаңа мақтанышы БАӘ президетіне, Қатар әміріне, Сауд Арабиясының ханзадасына, Әзербайжан және Өзбекстан президенттеріне, Түрікменстан басшылығына сыйға тартылған.

Ердоған Тоқаевқа түркиялық электромобиль сыйлады

Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті.

«Түркі дәуірі» ұранымен өткен жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға