Жаңалықтар

Ербол Мырзабосынов самбодан әлем чемпионатының жүлдегерлерін марапаттады

Ербол Мырзабосынов самбодан әлем чемпионатының жүлдегерлерін марапаттады
Фото: Туризм және спорт министрлігі 09.11.2024 21:10 431

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында спорттық және жауынгерлік самбодан өтіп жатқан ересектер арасындағы әлем чемпионатының кезекті жарыс күнінің белдесулерін тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгін жарыс жолына бірнеше отандасымыз шығып, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантты. Атап айтқанда, 64 келіде өнер көрсеткен Есентай Иманханов финалда Өзбекстан спортшысы Сардор Олимжоновты соңғы секундтарда жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ал Гүлдана Әлмұханбетова (54 кг) мен Еламан Қойшыбаев (88 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді. 2023 жылы Ереванда (Армения) өткен әлем чемпионатында да Еламан күміс жүлде иеленген еді.

Айта кетейік, елімізде екінші рет ұйымдастырылып жатқан байрақты бәсекеде әлемнің 80 мемлекетінен келген 470 спортшы бақ сынауда. Ел намысын 28 спортшы қорғап жатыр.

10 қарашаға дейін жалғасатын айтулы додада 31 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға