Ербол Мырзабосынов ресейлік әріптесімен кездесті

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтяревпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы спорттық ынтымақтастықтың былтырғы нәтижелерін талқылап, алдағы жоспарларды ортаға салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Ресей спорт саласында тығыз әріптестік орнатып, бірқатар бағыт бойынша бірлескен жұмыстарды сәтті жүзеге асырып келеді. Әсіресе Ресейдің спорттағы мол тәжірибесі мен инфрақұрылымдық әлеуеті біздің спортшылар үшін маңызды. Бұл, әсіресе, қысқы спорт түрлерін дамытуға тікелей әсер етеді. Былтыр отандық спортшылар Ресейде бірнеше оқу-жаттығу жиынына қатысып, шеберліктерін шыңдады, – деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, былтыр елордада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Ресей спортшылары белсене қатысып, көшпенділердің ұлттық спорт түрлерінде шеберліктерін көрсетті.
Кездесу барысында тараптар спорттық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді. Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей халықаралық деңгейде бірлескен бастамаларды дамытып, спорттық ірі іс-шараларды ұйымдастыруда өзара қолдау көрсетуге дайын.
