Ербол Бегімов: Екі мыңға жуық кітапты Брайль қарпіне аударып шықтым

Тараздық Ербол Бегімов 17 жылдан бері көзі көрмейтін жандарға арналған кітаптар басып шығарумен айналысып келеді. Ол осы уақыт ішінде 2000-ға жуық кітапты Брайль қарпіне аударып, ерекше оқырмандарға білім мен рухани азық сыйлап келеді. Оның қажырлы еңбегі қоғам үшін аса маңызды, бірақ көпшілікке беймәлім.
Ербол Бегімовтың алғашқы мамандығы – заңгер. Алайда тағдыр оны мүлде басқа бағытқа бұрды. Ол 30 жастан асқан шағында көру қабілетінен толық айырылған. Өміріндегі бұл өзгеріс оған үлкен сынақ болды.
Басында не істерімді білмей, қиналдым. Бірақ кейін Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасына келіп, Брайль қарпін үйренуге мүмкіндік бар екенін білдім. Осылайша оқуды бастап, кейін өзім де осы салада жұмыс істей бастадым, – дейді Ербол Бегімов.
2008 жылдан бастап Ербол Бегімов кітаптарды Брайль қарпіне аудару ісіне кірісті. Бұл – өте ұқыптылық пен шыдамдылықты талап ететін күрделі жұмыс. Алғашында ол тек шағын әдебиеттерді аударса, кейінірек оқулықтар мен көркем шығармаларды да шығара бастаған.
Көп адам үшін кітап оқу – қарапайым іс. Бірақ көзі көрмейтін жандар үшін бұл үлкен мәселе. Аудио кітаптар бар, әрине, бірақ Брайль қарпін саусақпен сезініп оқу – мүлде басқа әсер. Бұл адамға дербестік сезімін сыйлайды, – дейді ол.
Бүгінде оның баспасынан шыққан кітаптардың қатарында Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние», «Ауылды, сені сағындым» шығармасы, Мақұлбек Рысдәулеттің «Бақатерек», Көсемәлі Сәттібайұлының «Шарбақтының жалғызы» сынды туындылары бар. Одан бөлек, мектеп оқулықтары мен басқа да оқу құралдары Брайль қарпінде басылып, оқырмандарға ұсынылуда.
Кітаптарды аудару мен басып шығаруда заманауи технологиялардың көмегі зор. Ербол Бегімов Мәскеуден арнайы «Duxbury Braille Translator» бағдарламасын алып келіп, оның көмегімен аударма жұмыстары анағұрлым жедел әрі сапалы жүргізіле бастады.
Бір кітап 150 беттен аспауы керек. Сондықтан кейде бір шығарманы екі-үш том етіп шығарамыз. Басып шығарылған соң, әр парақты жеке тексеремін. Бұл ұзақ уақыт алатын жұмыс, бірақ нәтижесін көргенде барлық қиындықтар ұмытылады, – дейді ол.
Қазіргі таңда Ербол Бегімов тек кітап шығарумен шектелмей, көзі көрмейтін жандарды оқыту ісімен де айналысады. Ол кітапхана жанынан «Брайлист» және «Зағип және компьютер» атты екі үйірме ашып, онда арнайы курстар өткізеді. Осы уақыт ішінде 40-тан астам адам Брайль қарпін меңгерсе, 60-қа жуық адам компьютерді зағиптарға арналған бағдарламалар арқылы пайдалануды үйренген.
Оның еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы оған кітапхана ісі мен оқу мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хат табыстады. 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай «Облысқа сіңген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2021 жылы Ұлттық Академиялық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ, 2021 жылы «Рухани қазына» онлайн фестивалінде «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері» номинациясын жеңіп алды.
Ербол Бегімов үшін бұл жұмыс жай ғана кәсіп емес, оның өмірлік миссиясы. Ол көзі көрмейтін жандардың да білім алып, өздерін толыққанды сезінуі үшін еңбек етуді өзіне парыз санайды.
Кітап – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа әлемнің есігін ашады. Кітап оқу арқылы адам ой-өрісін кеңейтеді, рухани азық алады. Сондықтан менің басты мақсатым – оларды осы мүмкіндіктен айырмау, – дейді ол.
Бір адамның еңбегі қаншама жанның өміріне оң әсерін тигізіп, жаңа үміт сыйлай алады. Ербол Бегімовтың ісі соның дәлелі.
