Ербаян Мұхтардың ісінде күдікті табылмады

Ұлттық ұланда әскери борышын өтеген сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бас әскери прокурордың орынбасары Мақсат Қазиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда ешкім күдікті ретінде танылған жоқ. Тергеу кешенді жедел-іздестіру шаралары аясында жүргізіліп жатыр.
Тергеу шеңберінде қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысында алынған дәлелдемелер мен сараптамалық қорытындылардың жиынтығы негізінде соңғы шешім қабылданатын болады.Әзірге нақты күдікті адамдар анықталған жоқ. Дегенмен, белгілі бір тұлғалар шеңбері бар және олар тергеу нәтижелері бойынша тексеріліп жатыр, – деді Мақсат Қазиев.
Бұл іс Бас прокуратураның және бас әскери прокурордың ерекше бақылауына алынған. Қазіргі уақытта тергеу Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жүргізіліп жатқандықтан, тергеу нәтижелері туралы қосымша ақпарат жарияланбайды.
Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың ісі қоғам назарында тұр. Тергеудің әділ және ашық өтуі құқық қорғау органдарының басты мақсаты болып қала береді.
