Жаңалықтар

Ералы Тоғжанов елордадағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты

Вице-премьер елордадағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Ералы Тоғжанов елордадағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Фото: Үкімет 22.07.2022 16:27 1492

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елордадағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Жұмыс сапарына орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен әлеуметтік кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-премьер «Мейірім» көпсалалы медициналық орталығында болып, оның қызметімен, мүмкіндіктерімен және ондағы жаңашылдықтармен танысты. Соның бірі  – еліміздің барлық өңірлерін бейнеконференция байланысы арқылы қосатын телемедицина кабинеті. Аталған жобаның арқасында шалғай елді мекендердің тұрғындары сапалы медициналық көмек, кеңес ала алады, ал дәрігерлер тәжірибе алмасып, консилиумдар өткізеді. Е. Тоғжанов еліміздің әрбір азаматына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 

Одан кейін вице-премьер кәсіпкерлік нысан «Тәуелсіз өмір ДОС» орталығында болды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенді дербес өмірге оралуына және азаматтық қоғамға кірігуіне көмек көрсетіледі. Орталықта 28 адам, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 17 адам қызмет етеді. Аталған нысан өкілдері «оңалту техникасын сату бойынша шоу-румды», техника мен мүлікті және т.б. жөндейтін «Инва-СТО» сервистік орталығын көрсетті. 

Премьер-Министрдің орынбасары өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі адамдар тап болатын  қиындықтар туралы айтып, қызметкерлер баса назар аударуы тиіс бағыттарға тоқталды. Сондай-ақ орталықтағы проблемалық мәселелерді сұрап, елорда әкімдігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды қысқа мерзімде шешуді тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – индустрияландырумен, экономиканы әртараптандырумен, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасқан халықтың табысын арттыру және нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету.

«Бағдарламада көзделген шаралар халықтың әлеуметтік осал топтары мен табысы төмен азаматтардың пайдасына бюджет қаражатын әділ бөлуге, олардың экономикаға одан әрі интеграциялануын ынталандыруға бағытталған. Бұл жаңа мүмкіндіктер бағдарламасы, ол әсіресе көмекке мұқтаж адамдарға арналған. Оның міндеті тек қаражат бөлу ғана емес, алушыларды жұмыспен қамтудың әртүрлі нысандарына тарту арқылы өздерінің әлеуметтік мәртебесін өзгертуге, материалдық жағдайын жақсартуға ынталандыру. Бағдарламаның осындай бағыттарының бірі – әлеуметтік кәсіпкерлік», — деді Е. Тоғжанов.

Вице-премьер барған келесі нысан – әлеуметтік осал санаттарға жататын адамдарды оқытуға және жұмысқа орналастыруға бағытталған жоба «Green TAL» әлеуметтік кәсіпорны. Жобаға 62 адам тартылған, оның 53-і әлеуметтік осал санаттарға жатады. Вице-премьер кәсіпорынның қызметімен, оның өндірісімен және қуаттылығымен танысты. 

Е.Тоғжанов Үкімет тарапынан баса көңіл бөлінетінін, жан-жақты қолдау көрсетілетінін және әлеуметтік кәсіпкерлерге өз ісінің бәсекеге қабілеттілігі мен рентабельділігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Вице-премьердің айтуынша, мұндай жобалар табысы жоғары толыққанды бизнеске айналуы тиіс. 

Сондай-ақ, вице-премьер тиісті мемлекеттік органдарға әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға байланысты проблемалық мәселелерді жеке отырыста қарауды тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға