Ер Есеней туралы жырлар
Есенейдiң шора болған уақытта да орыс отаршылдарынан жерсуды қорғап, әдiл басшы болғандығын Мұсайын Сегiз Серiұлының (18431920) жоқтау өлеңiнен байқауға болады.
Жорыққа шығар алдында
Марал ерден бата алған.
Жер-суды қорғап дұшпаннан,
Есеней сардар аталған.
Шора болып жасында,
Төрт момынды басқарған.
Төрелiк айтса дауларда,
Бұзықтар бұғып жасқанған.
Есеней ел басқарумен бiрге ислам дiнiн әрi қарай дамытуға күш салып, өз қол астындағы елдердi мешiт пен медреселердi көп ашуға жұмылдырады. Мұны Керей Жанақ Қамбарұлының (17601857 ) мына өлең жолдарынан көруге болады:
Есеней – iсләм дiнi қамалындай,
Таңданды барша ел оның амалындай.
Мешiт пен медресенi көп ашқызды
Өзiнiң шора болған заманында-ай.
Iрi тұлғалардың өмiрi қашанда ұлттың тарихи тағдырына ең бiр толымды айғақ болып отырады. Сондықтан Есенейдiң өмiрiн жеке бастың ғана өмiрбаяны деп қарауға болмайды. Сол кездегi тарихи оқиғаны Есеней сияқты тарихи тұлғалардың өмiрбаянына ден қою арқылы аңғаруға болады.
Қандай ғана тарихи тұлға болмасын, өзi өмiр сүрген заманы тұрғысынан, сол уақыттағы атқарған қоғамдық қызметi тұрғысынан бағаланатынын ескерiп, Есеней ел басқарған тұстағы тарихи жағдайға тоқтала кетейiк.
1819 жылғы Уәли ханның өлiмi қазақ хандығының құлауын тездеттi. Ресей патшалығы үшiн хандықты жоюдың оңтайлы сәтi түстi. Хандықты жақтаған халық Уәлидің бәйбiшесiнен туған Ғұбайдолланы хан сайлағанымен, Ресей патшалығы оны бекiтпедi.
1826 жылы жаздың басында Есеней Қызылжар шаһары төңiрегiндегi өзiнiң атақоныстарының жартысынан көбiн Ресей отаршылдары өз иелiктерiне айналдырған соң Нұралы Керейден (Бiржан сал ауылының жерi) босап қалған, яғни штаб салудың сәтi түспеген жерiне Сибан Керейдiң Қорқыт әулетiне жататын ауылдарын бастап көшiп барады. «Қожағұл бүркеуi» деп аталатын осы жердiң тарихына тоқтала кетейiк.
Бiржан салдың атасы Қожағұл Бертiсұлы (17741868) қазiргi Солтүстiк Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол ауылының жерiн мекен ететiн. 1826 жылы Батыс Сiбiр губерниясы осы жерге жаңа бекiнiс салмақ болып, Қожағұл әулетiн ерiксiз Көкшетау жерiне көшiредi. Бiрақ бұл араға бекiнiс сала алмайды, жаңа салынып бiте бастаған үйлердi жерiнен айырылған жергiлiктi қазақтар өртеп жiберiп отырған. Бетi қайтқан губерния басшылары құрылысты тоқтатып, бұл араны мемлекет меншiгiне айналдырып, жағалай орлап тастайды. Есенейдi орталықтан алыс ұстағысы келген үкiмет Есеней ауылын осы жерге көшiредi. Естемiсұлының Бескөлден көшкенiне оның аталас ағайыны Шоң Дәулетұлы зергердiң атақоныспен қоштасып шығарған мына өлең шумақтары дәлел бола алады:
Есеней тоқтамайды үдере көшiп,
Жәнiбек сөз сөйлейдi желдей есiп.
Бескөл мен Қызылжарым, қош-есен бол,
Жерiм ең кiрiм жуған, кiндiк кесiп.
Туған жер, кейiн қалдың, уа, дариға-ай!
Мұндай жер ендi бiзге табылар ма-ай?!
Егiн сап бала-шаға асыраған,
Бескөл мен, қош-есен бол, Қызылжар-ай!
Бұл өлең жолдарынан Есеней ауылының ерiксiз көшкенiн байқауға болады.
Жаңа қоныс Есенейге құтты бола қоймапты. Өйткенi, Қызылжардағы бiр кезде өзi оқыған Шақшақ шора медресесiне (1767 жылы ашылған медресе) апарып оқуға орналастырмақ болған Есенейдiң тоғыз жасар Аманжол, жетi жасар Аманқұл деген ұлдары (жеңге алған әйелi Ғайнижамал Байтоқақызынан туған) шешекпен ауырып, бiр күнде қайтыс болыпты. Оған әншiақын Сегiз серiнiң «Ер Есеней» тарихи дастанының iшiндегi мына шумақтар да айғақ бола алады.
Жақпады Есенейге «Бүркеу» мекен,
Бiр кезде Қожағұлдың қыстауы екен.
Көшiрiп Нұралыны ерiксiзден
Сол жерге штаб түспек болған екен.
Астыртын мұсылмандар әрекет қып
Бүркеуде штаб үйiн салдыртпаған.
Өрт салып, солдаттарын түгел қырып,
Ұлықтың ойлағанын болдыртпаған.
Қызығып бос қоныс деп қонса-дағы,
Бүркеуде Есенейге апат келген.
Аманжол, Аманқұлдай екi ұлы
Бiр күнде шешек шығып қабат өлген.