Ер Бегіс туралы аңыз
Сүйініштің жасы қырыққа келгенде, бала көрмей жүріп барып бір балалы болады. Ол баласының атын ноғайлы жиналып отырып: «Бұның арғы атасы – Қарадөң, о да асқан ер еді, мұнан туған Жұбаныш, өз қатарында бұ да асқан ер болды, мұның әкесі – Сүйініш, бұ да өз қатарында ер болды. Мұнан туған бала да ер болар, мұның атын Бегіс қоялық. Егер ер болса, қатарына жетіп қалар, көздесе «Ер» деген атақты, ер атағын қосармыз» деп ойлайды да, бұның атын Бегіс қойды.
Бегіс өзі үлкен болып, жасы жиырмаға келеді. Сонда отырып ноғайдың ақсақал, билері келеді. Келіп отырғанда бір ақсақал тұрып: «Осы Сүйініштің баласы адам болудан кетті, жасы жиырмаға келгенше балалықтың жолында жүр, әлі адамдық ойламай отыр. Әкесі шынжыры үзілмей келе жатқан ер еді. Әкесі Сүйініш он бес жасқа келгенде, халықтың арын ойлап, кегін кектей, ноғайдың жерін қалмаққа бермей, қалмақтан жетім-жесір, мал алып, елінің аш-арығын бағып отырушы еді. Бұ да ол жоқ. Осының шынжырын үзіп кетеді-ау деген ой туып жүр. Халықтың ойы осылай» деді. Сол сөзді естіп Бегіс әкесіне келеді.
- Арғы атаң – Қарадөң, өзінен ерлік озбаған. Байлығы оның қарасаң, мыңнан қозы қоздаған. Сары інген жүздеп боздаған. Есігінің алдында жүзден-жүзден құл болған. Оның ұлы – Жұбаныш, қатарында ол да ер екен. О да айтулы бөрі екен, шынжырлы туған ер екен. Оның ұлы сен едің. Он бесіңде ат мініп, ноғайдың қамын ойладың. Сендерге тартпады, шынжыры үзілгелі тұр деп отыр ноғайлы. Қалмақты жерінен қуамын, - деп Қаракөк тұлпарын жаратып, қылышы мен найзасын шақпақ тасқа қайратты. Ер Бегіс келіп қалмаққа айқай салады. Айқайы оның шыққанда жапырылып көп қалмақ сонда тұра қалады. Қылышын суырып Бегіс қалмақтарды жекпе-жекке шақырды. Қалмақтың ханы тірсекпен екеуі ақ найзасымен соғысып жатыр. Бір уақытта қолдары қарысып, шамасы таусылуға айналғанда Тірсек ханды шаншыды. Хан найзаны суырып алып артындағы әскерге: «Келіңдер!» деп бұйырды. Сонда қалмақ жапырды. Бегіс те қарап оларға сонда тұрып ақырды. Аузынан зәрі шашылды, әруағы судай тасыды. Тасада тұрған Сүйініш жүз кісімен шыға келеді. Тірсек ханы мұны көріп жүрегінен қаны бұрқырап қашып барады. Елін, жерін айтып, бұ дүниемен қош айтысып жылап барады. Осылай бара жатқанда аты қарғып кетеді. Қолынан ұшқан болатқа жүрегімен түседі. Сүйініш оның аты мен сауытын олжа қылып Ер Бегіске барады. Бегістің ерлігі тіптен ерен болады. Жүз кісісі олар да қайрат көрсетіп, қалмақтың иманы ұшып қашады. Осының бәрін көрген Сүйініштің суалып қалған жүрегіне күші қайта кіреді. Ол да қалмақты барып шабады. Бытырап қашып қалмақтар барады. Ер Бегіс пен Сүйініш қарсы кездесіп қалады. Сонда тұрып Сүйініш баласына бата беріп, қалмақты қууды тапсырады. Тарап кеткен қалмақты жалғыздап жүріп қырады. Ноғайдан келген жүз кісі, алпысы оның қалыпты. Қалғанын алып қасына Бегіс пенен Сүйініш еліне сонда қайтады. Елі қуанып қарсы алады.
Арада неше жыл өтеді. Бегіс өзімен қатар бір кісімен қияметтік дос болады. Бірде ата-анасына білдірмей, досына келіп: «Жас отызға келді. Елге еңбек сіңірейік» дейді. Сонда досы: «Жауға барып, кек алайық. Халықтың қамқоры болалық» депті. Үйіне келіп Ер Бегіс Қаракөктей тұлпарды алты күнде жаратты. Ақ найза мен қылышын тасқа қайрап алады. Сауытын киіп, беренін тартынып, қорамса, садағы мініп, дулығасын киіп, найзасын алып атына мінеді. Әкесі оны көріп, өлерімнің шағында мен тастап қайда барасың деп реніш білдіреді. Сонда Бегіс ата-анасына барып бата сұрайды. Олар ақылдасып елі үшін шыққан ерге бата бермек болады. Сонда Бегіс аттан түсіп, қолын жайып тұрады. Әкесінің батасы:
- Әулие, шайқы, пірлерім, қолтығыңнан сүйесін, қысылған жерде демесін! Қызыр менен Ілияс, Баба түкті шашты Әзіз – солар болсын панаңыз! Жолыңды Алла оңғарсын! Енді, балам, барыңыз, түк қоймай жауды алыңыз. Жау қалмаққа, жан балам, аман-есен барыңыз! – дейді.
Екі арыстан елінен жолға шығып жөнеді. Екеуінің әкесі кәрі болған шал еді. Оларға да қарамай, қарындас, халқы қамы үшін елден шығып жөнеді. Бұлардың іздеп келген жерінде Хан Тірсектің баласы Тобылғы хан «Әкемнің кегін алам деп, сол ноғайға барам» деп той жасап жатыр екен. Бұларды көріп Тобылғы хан:
- Танымадым мен, - деді. – Жөніңді айтшы, сен, - деді. – Түсің сары, көзің көк, одан басқа мінің жоқ. Үстіңе киген темір көп. Жөніңді маған айтшы, білейін сені мен, - деді. – Не болмаса ермісің, кек алатын шермісің? – деп сұрайды.
- Менің тегім – ноғайлы. Менің атым – Бегіс, арғы атам – Қарадөң, бергі жағым – Жұбаныш, өзімнің әкем – Сүйініш. Іздегенімді сұрасаң, хан Тірсектің баласы Тобылғы ханның елі еді, жүрген жөнім сол еді.
- Іздегенге – сұраған, қарап тұрмай, қалмақтар, қыздырыңдар майданды, - деп хан да қуанып кетеді. Бегіс пен қалмақ батыры жекпе-жекте соғысты. Ақырында Бегіс оны қылышпен бастан шауып өлтіреді. Мың қалмақ бұларға лап қояды. Екі батыр қалмаққа барып лаң салды, айналаны шаң қылды. Бір уақытта қараса, қасындағы жолдасы көзіне түсе қоймады. Жүрегі мұздап артқа қарай келсе, жолдасының аузынан қан ағып, жүрегі тесіліп жатыр екен. Оны көріп Ер Бегіс есінен танып құлайды. Есін жинап қараса досының көзінен жасы бұршақтап жылап отырғанын көреді. Досы сонда айтады:
- Артымдағы қалған кәрі атам мен анамды қабатыңа аларсың, өзімдей қылып бағарсың. Алған жарым бар болса, ішінде оның бар болса, не болса да баланы қолыңа сенің берсін ол. Өзімдей сені көрсін ол. Қамықпасын қайғырып, барсын қайны халқына, бұрынғы түссін салтына. Аман бол енді сен, - деп кірпігін қағып ол кетті.
Нұрлан Рахымжанов
Жетіқоңыр: Жиделі және Жайылма