Ер адам ауылдасының бір үйір жылқысын ұрлап кеткен
Алматы облысы Ақсеңгір ауылында жергілікті тұрғын бір үйір жылқысынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Полицияға 39 жастағы ер адам 14 бас жылқысының жоғалғанын айтып шағымданған. Келтірілген шығын - 12 миллион теңге. Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Даниярдың айтуынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде «ізін суытпай» күдіктінің жеке басы анықталды. Ол жәбірленушінің ауылдасы болып шықты.
Күдікті ұрланған малды сатып үлгерген. Қазіргі уақытта жәбірленушіге жылқылардың бір бөлігі қайтарылды, ал ұрланған малды сатып алушыға қатысты тексеру жүргізілуде, – деді полиция бөлімінің бастығы.
Күдіктіге қатысты сот «қамауда ұстау» шарасы белгіленді. Полиция ер адамның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеріп жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram