Ер адам 140 жұмыртқа ұрлаймын деп 7,7 жылға бас бостандығынан айырылды

Санкт-Петербург қаласында ер адам 140 тауық жұмыртқасын ұрлағаны үшін қатаң режимдегі колонияға 7 жыл 7 ай мерзімге сотталды. Бұл туралы өңірлік прокуратура хабарлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
34 жастағы азамат 2023 жылдың қараша айында ұрлық жасаған. Жергілікті уақытпен таңғы сағат 4 шамасында ол Красногвардейский ауданындағы азық-түлік дүкенінен 14 қаптама тауық жұмыртқасын ұрлап кеткен. Материалдық шығын көлемі 1700 рубльді құрады.
Ұрланған жұмыртқалардың бір бөлігін өзі жеген, қалғанын таныстарына таратып берген. Оның бұл әрекетке не себепті барғаны нақты айтылмаған. Алайда күдікті бұған дейін де бірнеше рет сотталған. Осы жайт ескеріліп, ол қатаң режимдегі колонияға 7 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылды.
