Жаңалықтар

Энергетикалық инфрақұрылым: тұрақтылық және «жасыл» технологияларға көшу

Энергетикалық инфрақұрылым: тұрақтылық және «жасыл» технологияларға көшу
Фото: Алматы әкімдігі 17.12.2024 08:50 220

2024 жыл инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды қадамдар арқылы Қазақстанның энергетика саласы үшін маңызды кезең болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Жылу-электр энергетикасын дамыту» бағдарламасы шеңберінде 14 жобаны іске асыруға, оның ішінде, жылумен қамту және электрмен жабдықтау нысандарын реконструкциялауға республикалық бюджеттен 52,7 млрд теңге бөлінді. Орал қаласында қосалқы 2 станса пайдалануға берілді, бұл өңірді энергиямен қамту сенімділігін едәуір арттырды.

Сондай-ақ қайтарымды инвестициялар лимиті ұлғайтылды, бұл энергетикалық жабдықтарды жаңғырту бойынша жобалар пулын кеңейтуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар жылу жүйесінің тиімділігін арттыруға және халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» Заң қабылданды. Энергетикалық компаниялардың қаржылық тұрақтылығын және инфрақұрылымды жаңғыртуды қолдауды қамтамасыз ететін электр энергиясы мен қуатының дайындығын қолдау жөніндегі қызметтерге тарифтердің көтерілуі маңызды сәт болды. Жалпы, жылу және электр энергетикасы саласында 2024 жылы жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстарына 327 млрд теңгеден астам қаржы жоспарланған.

Халықаралық ынтымақтастық маңызды салаға айналды. Қазақстан Сауд Арабиясы, Қытай және Ресей сияқты шетелдік серіктестермен стратегиялық бірнеше келісімге қол қойды. Мысалы, наурыз айында Сауд Арабиясымен 1 ГВт жел электр стансасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды, ал қарашада Қытаймен қуаты 1,8 ГВт жел және күн электр стансаларын салу туралы келісімге қол қойылды. Аталған жобалар жаңартылатын энергия көздерін дамытуда және еліміздің энергетикалық базасын әртараптандыруда маңызды қадам болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға