Жаңалықтар

Энергетика министрлігі жылу электр орталықтарына техникалық талдауды аяқтады

Елдің ЖЭО-ның орташа жасы 61 жасты құрайды
Энергетика министрлігі  жылу электр орталықтарына техникалық талдауды аяқтады
Фото: Үкімет 20.12.2022 11:32 1575

Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов ҚР Энергетика министрлігінің жылу электр станциялары мен желілерінің жай-күйіне жүргізген тексерісі туралы айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

ҚР Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссия шеңберінде жылу электр орталықтарының (ЖЭО) техникалық жай-күйі бойынша талдауды аяқтады. Бүгінгі таңда елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы жұмыс істеуде, оның ішінде қызыл аймаққа – 19, сары аймаққа – 11 және жасыл аймаққа – 7 ЖЭО кірді.

"ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66%-ды құрайды, бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларының ЖЭО-ның тозуы 80%-дан асады. Елдің ЖЭО-ның орташа жасы 61 жасты құрайды, оның ішінде ЖЭО-ның шамамен 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істеген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларындағы авариялық ажыратулар саны 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға артты.

Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі жылыту маусымынан өту кезінде тәуекелдерді азайту үшін негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту көлемі айқындалды. Бенчмаркинг шеңберінде жүргізілген алдын ала есептеулер бойынша аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд.теңге көлемінде қаржыландыру қажет, іске асыру мерзімі – 2023 жыл.

Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды", деді министр.

Қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Осылайша, жеткіліксіз қаржыландыру сомасы 88 млрд теңгені құрайды.

Жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО бойынша мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке ЖЭО бойынша меншік иесі есебінен қаржыландыру ұсынылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға