Жаңалықтар

Енді шоколад та қымбаттайды

Әлемдік нарық
06.09.2016 05:19 3693
Биыл әлемдік нарықта шоколад өнімдерінің құны қымбаттауы мүмкін.Өйткені какао экспорттаудан алдыңғы қатарда тұрған Кот д'Ивуар қамбасы биылғы маусымда өнімге толмайтын түрі бар. Ауа райының қолайсыздығы мен зиянкес жәндіктер шаруалардың тірлігіне теріс әсер еткен. Ал бұл өз кезегінде какао экспорттап, экономикасын еселеп отырған елдің әл-ауқатына кері әсер етеді.
Енді шоколад та қымбаттайды

Какао өсіру – Африканың батысындағы 800 мың шаруаның күнделікті кәсібі, күнкөріс көзі. Әлемде экспортталатын какаоның 30 пайызы осы елден шығады. Күні-түні тынымсыз еңбектенетін шаруалардың еңбегі биыл өнбейтін түрі бар. Өйткені өнімді өзгеге сатпақ түгілі өздеріне жетпей қалуы мүмкін. Жергілікті диқандардың уәжі мынадай:

«Әдетте жылдың бұл мезгілінде барлығы гүлдеп, түйнектері үлкейіп қалатын. Бірақ биыл олай емес. Ағаштар енді-енді жапырақтанып жатыр. Оның үстіне шырынды ағашқа құрт түскен», - деп мұңын шағады какао алқабының иесі Бако Какоу.

Елдің орталық бөлігіндегі диқандардың 20 мың гектар жеріндегі өсімдікке зиянкес қаптап жарамсыз болып қалды. Билік те шараға көшкен. Алайда нәтиже шамалы.

«Заманауи әдіс-тәсілдер мен дәрі-дәрмектің көмегімен жәндіктердің көзін жойдық. Қазір мұнда бірде-бір көбелек те, құрт та жоқ деп сеніммен айта аламын. Енді какаоға жәндіктерден келіп тұрған қауіп жоқ», - деп сендірді энтомолог Пьер Нгюсон.

Енді шоколад та қымбаттайды

Тұрғындар үшін негізгі жұмыс көзіне айналған әрі ел қазынасын толтырған кәсіптің шығынға батуы билікті де бей-жай қалдырмады. Какаоға қарық болмаудың басты себебін ылғалдың аз болуымен түсіндіреді. Өйткені биыл жауын-шашын әдеттегіден екі есе аз түскен. Табиғат құбылысының бұлай өзгеруін мамандар жаһандық жылынумен байланыстырады.

«Алып кәсіпорындар мен индустриялық ахуалы дамыған елдер біріксе, бұл проблемаларды шеше алады. Әрине, Жер ананың тыныстап, тың болуы үшін қоршаған ортаға бөлініп жатқан көмірқышқыл газының көлемін азайту керек», - дейді какао маманы Салиф Диама.

Сарапшылар Кот д'Ивуардағы какао жемісінің жәндікке жем болуы келер жылы шоколад өнімдерінің қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін дейді. Өйткені әлемдік сұраныстың 90%-ын әлемдегі 8 ел қамтамассыз етеді. Олардың ішінде көшбасшысы осы Кот д'Ивуар.


Дереккөз: 24.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға