Жаңалықтар

Енді жұмыста харассмент жасағандар жауапқа тартылады

Енді жұмыста харассмент жасағандар жауапқа тартылады
Фото: Qazcontent 24.04.2025 11:19 127

Елімізде еңбек саласында сексуалдық қысым үшін заңды жауапкершілік енгізілмек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасын жария талқылауға шығарды. Бұл құжат алғаш рет сексуалдық қысым ұғымын заң жүзінде анықтап, оны болдырмау шараларын қарастырады.

Бұл неге маңызды?

Әлеуметтік сауалнамалар нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы қызметкерлердің 30 пайызы жұмыс барысында әріптестері немесе басшылары тарапынан сексуалдық сипаттағы қысымға ұшыраған. Алайда, бүгінгі күнге дейін заңда мұндай жағдайларда қызметкерлерді нақты қорғайтын тетіктер болмағандықтан, жәбірленушілер өз құқықтарын қорғай алмады.

Жаңа заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді: онда сексуалдық қысымның анықтамасы, оның белгілері, шағым беру тәртібі мен қызметкерлерді қорғау шаралары енгізілмек.

Әлемдік тәжірибе

Халықаралық деңгейде қызметкерлерді қысымнан қорғау Халықаралық еңбек ұйымының №190 Конвенциясында бекітілген, алайда Қазақстан бұл құжатты әлі ратификациялаған жоқ. Франция, Канада, Оңтүстік Корея сияқты елдерде мұндай әрекеттерге қарсы ішкі реттеу жүйелері мен жазалау шаралары бұрыннан бар. Қазақстандағы жаңа заң жобасы да осыған ұқсас жүйені енгізуді мақсат етеді.

Қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін не өзгереді?

Егер бұл өзгерістер Еңбек кодексіне енгізілсе:

  • Жұмыс берушілер сексуалдық қысым фактілеріне міндетті түрде жауап беруге тиіс болады.

  • Әрбір ұйым сексуалдық қысымға қатысты шағымдарды қарау бойынша ішкі рәсімдер әзірлеуі қажет.

  • Қызметкерлер өз құқықтары мен еңбек орнындағы қауіпсіздігін қорғаудың қосымша кепілдіктеріне ие болады.

Қазір заң жобасы  «Ашық НҚА» сайтында жария талқылауда тұр. Онда кез келген азамат құжатпен танысып, өз ұсыныстарын енгізе алады. Бұл бастама Қазақстандағы әділетті әрі қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыру жолында маңызды қадам болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға