Енді спорт директорлары бір жерде ұзақ қызмет атқара алмайды

Сенат бірінші оқылымда дене шынықтыру және спорт туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдап, дене шынықтыру және спорт, артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелеріне қатысты заңды қарады. Аталған заң спорттың басым түрлерін айқындауға, оларды қаржыландыруға және дене шынықтыру және спорт субъектілерімен өзара іс-қимылға бағытталған.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев құжат аясында спорт мектептері басшыларын ротациялау – яғни жүйелі түрде ауыстырып отыру тәртібі алғаш рет енгізілетінін алға тартты.
Бұл тәсіл бұған дейін мүлде қолданылмаған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, министрлік жанынан құрылған республикалық комиссия бірнеше аймақты аралап, жергілікті спорт мекемелерінің ахуалын зерттеді. Сонда анықталған ең басты мәселе – ұзақ жылдар бойы өзгеріссіз отырған басшылық, – деді ол.
Вице-министр кейбір өңірлерде бір директор 20 жылдан астам уақыт бойы лауазымын өзгертпей отырғанын айтты.
Бір аймақта спорт мектебінің директоры 28 жыл бойы қызметінен қозғалмаған. Алайда бұл уақыт ішінде спорт саласында айтарлықтай жетістік те, серпіліс те болмаған. Әкімдер мен спорт басқармасының жетекшілері ауысып отырады. Бірақ мектеп директорлары жылдар бойы орнында қала берген. Бұл тоқырауға алып келеді. Сондықтан болашақта мұндай жағдай қайталанбауы үшін оқу-ағарту министрлігі енгізген үлгі бойынша спорт саласына да ротация ережесін енгізіп жатырмыз, – деді вице-министр.
Елімізде 521 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі бар. Енді олардың басшыларына нақты талаптар қойылады.
