Жаңалықтар

Енді науқастар МӘМС қызметін қолданғанын SMS арқылы растайды

Енді науқастар МӘМС қызметін қолданғанын SMS арқылы растайды
Фото: © Pixabay.com 02.05.2023 17:08 695

Науқастар енді МӘМС арқылы қандай да бір медициналық қызмет түрін алып-алмағанын растай алады. Ол QR-код және SMS растау арқылы жүзеге асады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік азаматтың медициналық қызмет алу фактісін растау тетігін енгізетін болады. Бұл медициналық көмек көрсетудің ашықтығын арттыруға, пациенттің қанағаттанушылығын бағалауға мүмкіндік береді.

Әрине, медицина қызметкерлері деректерді әдейі қате енгізеді деуге келмейді. Дегенмен ара-тұра болатын қателіктердің өзін алдын алған жөн. Осы факторды болдырмау үшін министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп медицина персоналының компьютерлік сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. Сондай-ақ халық денсаулығы туралы кодекстің 61-бабының 7-тармағына сәйкес медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлері уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына енгізілетін электрондық деректердің сапасы, уақытылығы, дұрыстығы және құпиялылығы үшін жауапты болатынын атап өту қажет, - деді Бейбіт Есенбаев.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаевтың сөзінше, азаматтар енді зертханалық зерттеулердің нәтижелерін де дәрігерге бармай-ақ көре алады. Сервиске барлық зертханаларды қосу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Сондай-ақ «Фтизиатрия», «Наркология», «Психиатрия» орталығының мәліметтері де сервиске енгізіледі.

EDensaulyq сервисі кезең-кезеңімен жетілдіріліп жатыр. Жақын арада қан тобы және басқалары туралы ақпарат қосылады, - деді вице-министр.

Сонымен қатар науқас кез келген медициналық қызметке кезегінің қашан келетінін де біле алады.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде көптеген бейресми кезек бар. Пациент өз кезегінің қашан болатынын әрдайым біле бермейді. Мысалы, экстракорпоральді ұрықтандыру квотасын алу, буындарды ауыстыру секілді қызметтерді алу кезегін осы жерден көре алады, - деді Бейбіт Есенбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға