Жаңалықтар

Енді мемлекеттік қызметкерлер де кәсіпкерлікпен айналыса алады

Енді мемлекеттік қызметкерлер де кәсіпкерлікпен айналыса алады
Фото: ©Pixabay.com 02.10.2024 11:08 462

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға қатысты түзетулер енгізілді.

Конституциялық сот азаматтардың өтініші бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13-бабын Конституцияның 26-бабының 4-тармағы мен 39-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп таныды. Атап айтқанда, Конституциялық сот мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғаларға қатысты шектеулер олардың кәсіпкерлікпен айналысу еркіндігі құқықтарын бұзатынын анықтады.

«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес конституциялық емес, оның ішінде адам мен азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер нормаларының күші жойылады және қолданылмайды, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

Осыған байланысты заң жобасында мынадай түзетулер енгізу көзделген:

– мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызметпен айналысуға тыйым салуға байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын лауазымды адамдар тобы нақтыланды (бұл шектеулер мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген, РМК-да, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде басқару функцияларын жүзеге асыратын адамдарға қолданылмайды);

– осы шектеулер қолданылмайтын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың құқықтары айқындалды (бұл адамдар, егер осы қызмет олардың лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтірсе, қызметтік мүлікті пайдалануға алып келсе немесе мүдделер қақтығысын туғызса, коммерциялық ұйымның қызметіне, кәсіпкерлік немесе өзге де ақылы қызметке қатысуға құқылы емес);

– мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша сенімгерлік басқаруға беруге жатпайтын мүлік тізбесі өзгертілді (мүлік тізбесі коммерциялық ұйымдардың акцияларымен (ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акциялармен) және цифрлық активтермен толықтырылды), сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызметпен айналысуға тыйым салуға байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын адамдардың мұндай шартты кадр қызметіне ұсыну тәртібі өзгертілді;

– мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызметпен айналысуға тыйым салуға байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын адамдарға сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алу құқығы берілді;

– құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің өз меншігіндегі коммерциялық ұйымдардың акцияларын және пайдаланылуы кіріс алуға әкелетін өзге де мүлікті сенімгерлік басқаруға беру міндеті туралы норма алып тасталып, басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді белгілейтін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сілтеме нормамен ауыстырылды;

– Үкімет мүшелері үшін олардың мемлекеттік қызметте болуына байланысты өздеріне тиесілі инвестициялық пай қорларының пайлары мен облигацияларды сенімгерлік басқаруға бермеу құқығына шектеу белгіленетін норма алып тасталды;

– Үкімет мүшелеріне өздерінің меншігіндегі тұрғын үйді мүліктік жалдауға беруге және одан кіріс алуға тыйым салатын норма алып тасталды;

– мемлекеттік функцияларды орындаумен үйлеспейтін қызметпен айналысуға тыйым салуға байланысты шектеулерді сақтау бөлігінде мемлекеттік қызметшілердің міндеттерін уақытша атқарушылардың құқықтары жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілермен теңестірілді;

– пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін мүлік сенімгерлік басқаруға берілмеген жағдайда, мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер үшін мемлекеттік қызметті тоқтату шарттары нақтыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға