Жаңалықтар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қоғамдық кеңестің отырысы өтті
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 26.12.2023 04:32 891

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің 2023 жылғы қорытынды отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Іс-шараға ҚР Еңбекмині аппаратының басшысы Болат Төкежанов, Қоғамдық кеңестің 17 мүшесі, ведомство департаменттерінің директорлары қатысты. Отырыс барысында халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыру, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізу мәселелері талқыланып, кеңес жұмысының қорытындысы шығарылды.

ҚР Еңбекмині Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Мәселен, жұмыс берушілер үшін жылдық мөлшерлемемен 882 айлық есептік көрсеткіш (3 млн 43 мың теңге) мөлшерінде салықтық жеңілдіктер, алғашқы үш жылға мүгедектігі бар қызметкерлер жалақысының 60-тан 70 %-на дейін субсидиялау көзделген. Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орны стандарттарына сәйкес келетін тұрақты арнайы жұмыс орындарын жарақтандыруға арналған жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға 300 АЕК-ке дейінгі (1 035 000 теңге) шығындарды өтеу және үкіметтік емес ұйымдар құрған арнайы жұмыс орындарының жалақы мөлшерінің 70 %-на дейін субсидиялау.

«Қазіргі уақытта елімізде 719,3 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 385,8 мыңы еңбекке қабілетті жаста болса, ал оның 138,8 мыңы жұмыс істейді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін әкімдіктер штат саны 50 адамнан асатын ұйымдар мен кәсіпорындарда жұмысқа орналасуға жұмыскерлердің жалпы санының 2-ден 4 %-ға дейінгі мөлшерінде квоталар бекітеді. Квота шеңберінде бүгінде 15,7 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы халықты жұмыспен қамту шараларын қаржыландырудың жалпы сомасынан 3,7 % (3,5 млрд теңге) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған», – деп атап өтті Асқар Ниязов.

Өз кезегінде ҚР Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директорының орынбасары Маржан Жаумитова еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдар үшін арнаулы әлеуметтік төлемді енгізудің негізгі тетіктерін түсіндірді.

«Арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы. Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі», – деді ол.

Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Оны алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналыспау керек. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауысып, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады.

2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемге 37 мыңнан астам, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады.

Келесі жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшерінің ұлғаюына байланысты өседі.

Отырыс соңында Қоғамдық кеңестің төрағасы Ольга Кузовлева 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Жыл бойы Министрлікпен өзара іс-қимыл бойынша жұмыстар белсенді жүргізілді, әлеуметтік-еңбек саласының өзекті мәселелері талқыланды. Нәтижесінде 89 нормативтік құқықтық акті қаралып, 31 ұсыныс берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға