Бірлігі жарасқан Әбілдаевтар

12 June 2019, 14:39 4442

El.kz порталы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын таныстыруын жалғастырады. 26 мамыр күні Ақтөбе қаласында өткен сында Әбілдаевтар отбасысының бағы жанып, республикалық сайысқа жолдама алған еді.

Отан – отбасыдан басталады. Бүгінгі күні егемен елдің нығаюына тікелей септігін тигізетін отбасыларды ұлықтап, көпке үлгі ету – өнегелі іс. Сол мақсатта осыдан алты жыл бұрын Елбасының бастамасымен дүниеге келген «Мерейлі отбасы» байқауы жылдан жылға қарқын алып, жүздеген әулеттің мерейін үстем етіп келеді.

Сайлаубек Әбілдаев 1966 жылы 11 маусымда Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. Әкесі – электрик, ал анасы 45 жыл мектепте мұғалім болған екен.

– Жамбыл облысындағы К.Әзірбаев атындағы сельхоз техникумын тәмамдаған соң, туған жерге оралып, «Арал кеме жөндеу» зауытына жұмысқа тұрдым, дейді ол.

Сайлаубек Ізбасарұлы мен Бибігүл Әбдішүкірқызы 1988 жылы сол зауытта жүргенде танысады.

Мен темір шебері болып жұмыс істеп жүргем, ал Бибігүл апайың құрылыста еңбек етті. Қаңтар айындағы таныстықтан соң, екеуміз достық қарым-қатынастан да жақын екенімізді түсініп, 21 мамыр күні шаңырақ көтердік. 31 жыл бойына тағдырдың талай тауқыметін артта қалдырып, бақытты да баянды ғұмыр кешіп келеміз, – дейді отағасы.

Содан кейінгі біршама ғұмырын теміржолда жолсерік болып өткізген С.Әбілдаев бүгінгі күні шағын кәсіпті дөңгелетіп отыр.

– Ата-енеміздің қолында алты жыл тұрған соң, ақ баталарын алып, Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Тоқырау кезеңінен қалай да аман өтіп, балаларды ешкімнен кем етпейік деген мақсатта жасалған қадам болды. Мұнда сауда-саттыққа ден қойып, біршама жағдайымызды көтеруге мүмкіндік алдық, – дейді Бибігүл Әбдішүкірқызы.

Әбілдаевтардың Ақтөбеде құшақ жая қарсы алатын таныс-тамыры да, дос-жараны да жоқ-тын. Күнкөріс қарекетін жақсарту үшін олардың сатпаған дүниелері қалмапты.

– Несін жасырайын, 13 теңгеден балмұздақ алып, 15 теңгеге де өткізіп жүрдік. Теңге тиыннан құралады емес пе? Осылайша, қаладан екі бөлмелі пәтер алдық. Кейін оның орнына даңғарадай үй тұрғыздық, – дейді олар.

Дәл осы шақта отбасы басына қара бұлт үйіріліп, тағдыр шырмауы төбеден түскен. Отағасы аяқ астынан ауыр дертке шалдығып, табысты кәсіптің тамырына балта шабылады.

– №51 мектеп-гимназияға еденші болып жұмысқа орналастым. Отбасымызға келген ауыртпалықты қалайда артта қалдырамыз деген ниетпен өмір сүре бердік. Себебі, үй тұрғызуға алған несиемізді уақтылы төлей алмағандықтан, жаңа тұрғызған баспанамыздан да айырылып қалған едік. Содан он бес жыл бойы жалдамалы пәтерде күнелттік. Менің табысыммен шеттей бала-шағаны асырау оңай болған жоқ.

Әбілдаевтардың тұңғышы Тоғжан мен екінші перзенті Асыл Арал қаласында өмірге келсе, кейінгі балалары Ақтөбеде дүние есігін ашқан.

– Ауыр күнді өткеріп жүрсек те, балаларымды өмірге әкеле бердім. Олар туылған сайын отағасының денсаулығы да жақсара түсті.

Тұла бойы тұңғыштары Тоғжан Сайлаубекқызы 1989 жылы туған. Ол Алматы эканомикалық университетін аяқтаған. Жолдасы Әлібек «Тенгизшевройл» компаниясында менеджер қызметінде екен.

– Екіншім Асыл С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазірде Ақтөбе қаласының статистика департаментінде жұмыс жасайды. Ұлым Қанат А.Жұбанов атындағы уинверситетке түсіп, жергілікті басқару мамандығы бойынша бітіріп шықты. Тағы бір балам Керімхан осы аталған жоғары оқу орнын биыл аяқтап отыр. Ырысалды мен Самирам 7-ші және 6-шы сыныптарға көшеді. Кенжем Сұлтан осы жылы 2-сыныптың табалдырығын аттамақ, ­– дейді Бибігүл Әбдішүкірқызы.

Бұл үйдегі барлық жан өнер ауылынан алыс емес екен. Тоғжан ақындығымен ерекшеленсе, Асылдың қолөнер бұйымдарын жасауға икемі зор.

– Оның жасаған туындылары көздің жауын алады, –  дейді әкесі мақтанышпен.

Қанаттың сурет өнеріне тартылысы жоғары. Пейзаж, портрет, әртүрлі анимациялық кейіпкерлерді айнытпай салғанда, нағыз талант дермісің.

– Керімхан әртүрлі ғылымдарға қызығып, жан-жақты біліммен сусындағанды жақсы көреді. Ол әрқашан ізденісте. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде талай облыстық, қалалық пәндік олимпиадаларда көзге түскен еді. Ырыскелдімнің футбол ойынына жаны құмар. Сонымен қатар, ағасы секілді кітапты көп оқиды. Самира Ақтөбе қаласындағы «Шығармашылық академиясының» дебат бөлімінде мүшелікте тұр. Би үйірмесіне қатысады, домбыра тартады. Жақында өткен «Ұлы дала ұрпағымыз» атты өнер сайысында бас жүлдені қанжығаға байлады. «Нұрлы жас» байқауында 1-орын алып, оңтүстік астанамызда өтетін сынға дайындық үстінде. Кенжеміз Сұлтан математика десе, «ішкен асын жерге қояды». Одан болашақта техникалық жақсы маман шығады деп үміттенеміз, – дейді Бибігүл Әбдішүкірқызы.

Ал Бибігүл Әбдішүкірқызының өзі балаларынан қалмай 41 жасында А.Жұбанов атындағы университеттің сырттай бөліміне түсіп, 46 жасында диплом алған.

– Жас кезімде Алматы құрылыс институтына түскен болатынмын. Бірақ, тұрмыс құрған соң, оны әрмен қарай жалғастыру мүмкін болмай қалды. Содан «балаларым маған қарап бой түзейді ғой» деген ойдың жетегінде университетке құжат тапсырып, «мектепке дейінгі дайындық» мамандығын меңгеріп шықтым.

Қолына дипломын алған Бибігүл Әбдішүкірқызы №51 балабақшаға тәрбиеші боп орналасады. Мұндағы біраз жылдық тәжірибеден соң, қалалық ішкі саясат бөліміндегі «Анаға тағзым» орталығына медиатор қызметіне ауысады.

– Еденші болып жүрген кезімде де, жас жұбайлар үйде туындаған кикілжіңдерін айтып, менен ақыл-кеңес сұрайтын. Оларға өмірлік тәжірибемді қолдана отырып, барынша татулықты сақтап қалу керегін ескертіп жүрдім. Менің медиаторлық жұмысым содан бастау алған сияқты. Қайта табысқан жандарды көріп, бірнеше жас келіншектер алдыма келе бастады.  Міне, содан бастап, ортасына түскелі тұрған шаңырақтардың беріктігі үшін күрестім, – дейді Б.Әбілдаева.

Бұл отбасыдағы басты қағида – әке-шешенің татулығы. Себебі, олардың ауызбіршілігі кейінгі ұрпағына мәңгілік азық, жүріп өткен жолдары балаларға үлкен мысал болмақ.

– Біз өзіміздің жүріс-тұрысымызбен, атқарған істерімізбен ұл-қыздарымызға сабақ беріп жатырмыз. Күн сайын Сайлаубек ағаң екеуміз «бүгін не істедік? Ешкімді ренжіткен жоқпыз ба? Бізге өкпелеп қалған жандар бар ма?» деген сауалдарды қойып, жауап іздейміз. Себебі, басқаның өкпе-назы балаңның, немере мен шөбереңнің алдынан шығуы мүмкін. Олардың қасиетті болуы біздің бүгінгі жүріп өткен жолымызбен тығыз байланысты, – дейді Б.Әбшүкірқызы.

Әбілдаевтар отбасында үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсету заңдылығы бар. Отанасы Бибігүл:

– Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек деген сөзге қосыламын. Біз қазақы күй мен термелерді олардың бойына сіңіріп өсіруге тырыстық. Туған елі мен жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімге баулып, өз отанының нағыз азаматы болуға тәрбиелеп келеміз. Сонымен қатар, әрдайым сабырлылық сақтап, дұрыс сөйлеуге үйретудеміз. Балаларға қандай отбасыдан шыққанын ұмытпауын екертіп отырамыз. Дастарқан басында өнегелі әңгіме өрбітіп, әрдайым әкелерін мақтап отыруды әдетке айналдырғанмын, – дейді.

Иә, бұл отбасы ата-бабадан келе жатқан тәлім-тәрбие қаймағының бұзылмауын басты назарда ұстағанын ұғындық.

Ұл-қыздарыма жақсы нәрсенің барлығына талаптан деп отырамын. Абай атамыз «болмасаң да ұқсап бақ» деп бекер айтпаған ғой. Білім мен өнер жеткізбейтін дүние емес, талаптанғанға жауатын нұр секілді. Сол себепті, балаларымның әрбір жетістігі  біздің төбемізді көкке жеткізуші, – дейді отағасы.

«Анаға тағзым» орталығында жемісті жұмыс жасап келе жатқан Бибігүл Әбілдаева бес жүзден аса шаңырақтың шайқалуының алдын алған:

– Менің арғы аталарым да бітімгершілікпен айналысқан екен. Бұл қанмен келген қасиет болса керек. Алдыма келген жастармен жеке-жеке сөйлесіп аламын.  Олардың көңіл-күйіне қарай отырып әңгімеге тартамын. Ренжітіп алмайтындай сөздер айтамын. Әке-шешесін мақтаймын. Сабырлылыққа шақырамын! Осылайша, барымды сала отырып, жастарды қайта қосуға тырысып бағам. Шүкір, бүгінге дейін неше жүздеген жанұяның беріктігін сақтауға жәрдемші боп келемін, – дейді.

Білікті медиатор көбінесе ажырасуға бірінші ұмтылатындар әйел адамдары екенін айтады. Сабырлылық сақтау – кез келген ұрыстың алдын алушы дейді Бибігүл Әбдішүкірқызы.  

–  Отбасы бақытының негізін қалаушы ер-азамат болса, әйел оның аманаты, сырының иесі, отының көзі. Ол екеуінің тұрақты қарым-қатынасы, кейінгі ұрпағына да үлкен сабақ. Сол себепті, отбасы бірлігіне аса мән берген абзал. Біздің басымыздан да не түрлі жағдаяттар өтті. Оның барлығына бірлесе қарсы тұрып, бірлесе шешімін таптық. Сыйластық пен бірлік – шаңыраққа шаттық әкелуші. Бұл – «Күміс алқа» мен «Алтын алқа» иегері болып отырған Бибігүл ананың сөзі!

(Суреттер www.aktobenews.kz сайты мен отбасының жеке мұрағатынан алынды)


Share: