Алматы қаласының жеңімпаздары

24 June 2019, 19:26 3358

Алматы қаласы: Әбдіқалықовтар әулеті

Отағасы – Тлеужан Әбдіқалықов

1941 жылы Нарынқол ауданы Сүмбе ауылында дүниеге келген. Талғар қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын бітірген. Қарапайым колхоз механигінен бастап, Қызыл шекара ауылдық кеңесінің депутаты, совхоз директоры қызметтерін абыроймен атқарған. Қажырлы еңбегінің  жемісі ретінде «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанған.

Отанасы – Айгүл Төсекбаева

1945 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Төнкеріс селосында дүниеге келген. Отыз жылдай денсаулық саласында қызмет жасап зейнетке шыққан. Халқына аянбай адал қызмет еткен еңбегі В.И.Лениннің 100 жылдығы медалімен және қызыл жарты ай ұйымының мақтау грамоталарымен марапатталған. Отбасында екі ұлмен үш қыз өсіріп, бүгінде олардан 13 немере сүйіп отыр.

Қызы – Гүльзира Тлеужанқызы

1968 жылы дүниеге келген. 1992 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика университетін бітіріп, қазіргі таңда өзінің жеке кәсібімен айналысады. Сонымен қоса, жолдасымен екі баланы тәрбиелеп отыр.

Ұлы – Әділет Тлеужанұлы

1969 жылы дүниеге келген. Алматы құрылыс архитектуралық техникумын және құрылыс жол институтын тәмамдаған. Қазіргі кезде қалалық әкімшіліктің тұрғын-үй құрылыс жөніндегі бөлім бастығы болып қызмет етеді. Үйленген. Үш баласы бар.

Ұлы – Самат Тлеужанұлы

1971 жылы дүниеге келген. Үйленген. Сүйген жары Гүлнар Таубалдықызымен  үш баласы бар. Биыл тұңғыш қыздарын қазақы салтпен ұзатып, құтты орнына қондырған. Ал екінші қыздары үстіміздегі жылы мектепті бітірсе, кенже ұлдары үшінші сыныпты аяқтаған. Самат Тлеужанұлы қазір балалар киімін сатумен айналысады.

Қызы – Дана Тлеужанқызы

1975 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Тұрмыста. Жолдасымен төрт баланы тәрбиелеп отыр. Үйдің тұңғышы 19 жастағы Әсем Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетінің 2 курсын бітірген.

Қызы – Лаура Тлеужанқызы

1978 жылы дүниеге келген. Алматы технология университетін одан кейін бизнес академиясын үздік бітіріп, жоғары санатты бухгалтер мамандығын алып шыққан. Қазіргі кезде америкалық мектептердің бірінде бухгалтер болып жұмыс істейді.

Алматы қаласы – Құдайбергеновтер отбасы

Отағасы – Қанат Жолдыбайұлы

1956 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжін, кейіннен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Қырық жылдан астам жұбайы Айткүл Кәкімқызымен шығармашылықпен айналысады. Гастрольдік сапармен елімізбен қоса, шет елдерді де аралап, қазақтың ұлттық қара домбырасы арқылы қазақ өнерін кеңінен насихаттап келеді. 

Отанасы – Айткүл Кәкімқызы

1957 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Жарлы селосында дүниеге келген. Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжін, кейіннен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Алғаш еңбек жолын Қызылорда облыстық филармониясынан бастаған.

Ұлы – Ербол Қанатұлы

1977 жылы туған. П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищесін, кейін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыка факультетін тәмамдаған. А.Жұбанов атындағы I республикалық байқауының лауреаты атанған. Қазіргі кезде күйшілікпен қоса, домбырашылық өнерді де қатар алып жүр.

Ұлы – Айбол Қанатұлы

1979 жылы туған. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алды. 2006-2009 жылдары ұлттық аспаптар мамандығы бойынша аспирантурасын бітірді. Осы уақытқа дейін 15-ке жуық күйдің авторы. Қазіргі таңда әнші, күйші, сазгер әрі фольклорлық ансамбльдерге музыка жазумен  әрі өңдеумен айналысады. «Үздік» аспапшы төс белгісінің иегері.

Ұлы – Ерболат Қанатұлы

1982 жылы туған. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыкалық факультетінде хор дирижерлік мамандығы бойынша білім алған. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық әннің авторы. Қазақ  эстрадасында өзіндік стилімен есімі елге танымал әнші, сазгер. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Қызы – Салтанат Қанатқызы

1991 жылы дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын бакалаврын және магистратурасын сахна тілі, сахна қозғалысы, актрисалық, әншілік, би, тіл мамандығын меңгеріп, оны қызыл дипломмен бітірген. Қазіргі таңда өнер ордасында ұстаздықпен қоса, актрисалық өнерін де қатар алып келеді. Өлең жазумен де айналысады. «Жетісу жұлдыздары» мен Нұрғиса Тлендиев атындағы әншілер байқауының лауреаты.


Share: