«Ең бірінші өздеріңді тазалаңдар»: Жаңбыршин жемқорларды тоқтатуды талап етті
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жемқорлықпен күресті құқық қорғау органдарынан бастау керегін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Айтылып жатқан дүниенің барлығы жемқорлықпен күреске бағытталған. Ең алдымен, жемқорлықпен жұмысты құқық қорғау органдары өздерінен бастауы керек деп ойлаймын. Ең бірінші өздеріңді тазалап алыңдар. Өздерің жұмыс істеңдер, параға итермелемеңдер. Сол кезде барлығы жақсы болады, - деп айтты Еділ Жаңбыршин.
Депутат еуропалық стандартты енгізбес бұрын, қазақстандықтардың психологиясын зерттеу керек деп есептейді.
Еуропалық стандартты енгізерде, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрін, психологиясын зерттедіңіздер ме? Біз унитарлы мемлекет болсақ та, өңірлердің де өз ерекшеліктері бар. Осы бойынша қандай бастамалар бар? - деп сұрады Жаңбыршин заңды талқылау кезінде.