Жаңалықтар

Ең алғаш тағайындалғанда хейттің астында қалдым – 30 жасында әкім болған жас шенеунік

Ең алғаш тағайындалғанда хейттің астында қалдым – 30 жасында әкім болған жас шенеунік
Фото: жеке мұрағаттан 23.06.2024 11:35 7754

23 маусым Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Астана қаласы «Нұра» ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұловпен сұхбаттасқан еді. 

Жүсіп Жұмағұлов - Алматы тумасы. АҚШ-та 2 жыл оқып, бакалавр дәрежесін алған үздік түлектердің бірі. Жас әкім еліміздегі белді оқу орынын тәмамдаған соң, арман қуып Астанаға қоныс аударады. Осылайша еңбек жолын елорда әкімдігіндегі тағылымдамадан бастайды. Жұмыспен қатар, білім алуға күш-жігерін жұмсаған Назарбаев Университетінің түлегі бүгінде - ардақты әке, асыл жар. 2023 жылдың сәуір айында Президент әкімшілігінің және қалалық мәслихат депуттарының келісімімен «Нұра» ауданының әкімі қызметіне тағайындалады.

«Нұра» - Астана қаласындағы әкімшілік аудан. Ол 2022 жылдың желтоқсанында құрылды.

El.kz: Сәлеметсіз бе?! Қызметіңізде қатал, талапшылсыз ба? Жалпы өзіңізді қандай басшымын деп ойлайсыз?

Жүсіп Жұмағұлов: Мемлекеттік қызметтегі басшылар туралы көптеген миф тарап, түрлі жансақ пікір қалыптасқан. Мемлекеттік органдарда барлық шешімді басшы жеке-дара қабылдап, оның сөзі талқылауға жатпайды деген ой жиі кездеседі. Меніңше, осылай жұмыс істеу нәтиже бермейді. Маңызды жұмыстарды бастамас бұрын міндетті түрде әріптестермен талқыға салған жөн. Біздің принцип-осы. Сарапшылар мен тұрғындардың да ойын әрдайым елеп-ескеруге тырысамыз. Мұндағы мақсат – сапалы нәтижеге қол жеткізу. Жасалған жұмыс нәтижесінің адамдарға пайдалы әрі қолайлы болуы. Өз тарапымнан бір-бірімізді тыңдай не ести алмасақ, алысқа бармаймыз дер едім. Басшы ретінде өзімді ашық, бірақ талапшыл деп есептеймін. Себебі әкім ретінде маған тұрғындар тарапынан үлкен сенім артылып отырғанын түсінемін.

El.kz: Мемлекеттік қызметке қалай келдіңіз?

Жүсіп Жұмағұлов: Мемлекеттік қызметке келу арманым болды. Сөйтіп университет бітіре сала, Астанаға қоныс аудардым. Сол кездерден-ақ әкімдікте жұмыс істеу идеясымен жанып тұрған едім. Қалағаным да, көздегенім де сол еді. Алғашқы алты ай тағылымдамадан өттім. Бастапқыда ақысыз жұмыс істесем де, құнды тәжірибе, дағды, коммуникациялар жинай алдым. Кейіннен тағы алты ай қоғамдық қызметкер болып, жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Бір жылдан соң мемлекеттік қызметкер болып, содан 10 жылға жуық Астана әкімдігінің құрылымында жұмыс істеп келемін.

Ең алғаш тағайындалғанда хейттің астында қалдым – 30 жасында әкім болған жас шенеунік

Фото: жеке мұрағаттан

El.kz: Аудан әкімі болған соң, қоғаммен етене араласатыныңыз хақ. Халықпен жұмыстың қызығы мен шыжығы жайлы айта кетесіз бе?

Жүсіп Жұмағұлов: Тұрғындармен кері байланыс орнату мен үшін өте маңызды. Олармен құрылған диалог нәтижесінде ескертулерге тез жауап беріліп, олқылықтардың орны толтырылады. Әрине, мәселелер әртүрлі болады. Құзыретімізге жатпайтындары да бар. Соған қарамастан, тұрғындарға ондаған қалалық басқарма мен коммуналдық қызметтің табалдырығын аттатпай, "бір терезе" қағидаты бойынша көмек алу үшін мәселелерді шешуге тырысамыз.

El.kz: Аудан дамуына қосқан үлесіңізді қалай бағалайсыз?

Жүсіп Жұмағұлов: Бас қаламыз қарқынды дамып келеді. Онымен қоса, тұрғындар саны да артуда. Сол себепті аудан құрылған сәттен тұрғындардың жайлылығына бағытталған жұмыстар жасалып, жақсы нәтижелерге жеттік. Ауданға қатысты жоспарларымыз бірнеше санатқа бөлінеді: қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді. Қысқа мерзімді – аулаларды абаттандыру, күнделікті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары, ауданның санитарлық күтімі. Бұл - күн сайын ауданның келбетін жақсартатын және астананың кейпін сақтап тұратын жұмыстың бір бөлігі. Десе де, мақсатымыз санитарлық тазалау, көгалдандыру немесе абаттандыру мәселелерін жабу ғана емес. Бүгінде оң нәтиже беретін шешімдерді талдап, қабылдаудамыз. Мүмкін нәтижесі 5-7-10 жылдан кейін көрінер, бірақ ол жұмыс адамдардың игілігі үшін жасалып жатыр. Мысалы, тұрғындармен жұмыс жасай отырып, біз көпқабатты тұрғын үй немесе бизнес орталық құрылысы жоспарланған 37 жер учаскесінің нысанын өзгерттік. Бұл - салынып жатқан аудандарда орналасқан жерлер. Бастаманың арқасында тығыз салынған ғимараттың орны скверлерге, мектептерге, балабақшаларға, спорт кешендеріне және басқа да әлеуметтік маңызды объектілерге бөлінді. Яғни, болашақта учаскелерде тағы бір биік үй емес, әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды объектісі пайда болады деген сөз. Әкім ретінде мен үшін қазір қысқа мерзімді немесе жарқын нәтижелерді көрсету ғана емес, жылдар өткен соң пайдалы болатын нәтижелерді көрсету де маңызды. Сондықтан бағалауды біздің ауданда тұрып жатқан және болашақта тұратын адамдар беруі керек деп санаймын.

Ең алғаш тағайындалғанда хейттің астында қалдым – 30 жасында әкім болған жас шенеунік

Фото: жеке мұрағаттан

El.kz: Қызметіңізде қандай принциптерді ұстанасыз?

Жүсіп Жұмағұлов: Мен үшін маңызды принциптер – жүйелілік, тәртіп және өз ісіне бей-жай қарамау. Өз қызметіне, сізден көмек күтетін адамдардың мәселелеріне салғырттық танытпау, осы мәселелерді шешуде жүйелі жұмыс атқару, уәделерді орындау, көмектесу, үнемі бақылауда ұстау. Менің ойымша, бұл - барлық мемлекеттік қызметшілер ұстануға тиіс үш қағида.

El.kz: Нұра ауданының 5-10 жылдан кейінгі болашағын қалай елестетесіз?

Жүсіп Жұмағұлов: Аудан әлі салынып жатқанына қарамастан, оның өзіндік келбеті, айрықша ерекшеліктері бар. Қазір "Нұра" - мен сияқты жастардың ауданы. Аудан тұрғындарының орташа жасы - 29 жас. Оларды "жаңа астаналықтар" деп айтуға болады. Бұл - елордаға 5-6 жыл бұрын жетістікке жету үшін қоныс аударған адамдар. Олар - жас отбасылар, өршіл, белсенді, өз қалаларынан көшуге тәуекел еткен және өз амбициясы мен әлеуетін жүзеге асырғысы келетін адамдар. Олар ауданға жөн сілтейді. Оның дамуына қатысады, аудан әкімдігінің жоспарларына қызығушылық танытады, кездесулерге белсенді қатысады, талқылауға келеді. Біздің тарапымыздан өткен жылы және биыл ауданды сапалы өзгертетін бірқатар ірі абаттандыру, көгалдандыру, жолдар, мектептер салу жобалары іске қосылды. Сол қарқынмен жұмыс істесек, 5-10 жылда өмір сүруге жайлы, қоғамдық көлік инфрақұрылымы пайдалануға ыңғайлы, түрлі қызметті ауладан шықпай-ақ алуға болатын ауданды көретінімізге сенімдімін.

Ең алғаш тағайындалғанда хейттің астында қалдым – 30 жасында әкім болған жас шенеунік

Фото: жеке мұрағаттан

El.kz: Қиын әрі күрделі ситуацияларды шешу кезінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз? Оңынан шешу үшін қандай іс-әрекеттерге баруға тура келді?

Жүсіп Жұмағұлов: Сарыарқа ауданының әкімі болып тағайындалған кезде аудан белсенділері тарапынан хейт пен қабылдамауға тап болдым. Олар “тым жас, тәжірибесіз” деп бас шұлғап, сенімсіздік танытқан еді. Бұл - ескірген ұғымдар. Кез-келген басшы, ең алдымен, менеджер. Оның жұмысы қарды тазарту ғана емес. Ол қырағылық таныта отырып, стандартты емес шешімдер қабылдауы керек. Командада жұмыс жасай білгені дұрыс. Шешім қабылдай білу - жақсы әкімнің басты белгісі. Айта кету керек, кейіннен тұрғындармен ортақ тіл тауып, достасып кеттініміз бар. Олармен тығыз байланыс нәтижесінде ондаған абаттандыру және көгалдандыру жобаларын іске асырдық. Оқушылар мен жас жұбайларға арналған әлеуметтік жобаларды бастадық. Бір қуантатыны, осы уақытқа дейін жұмыс бағыттарымыз өзгерсе де, байланысымыз үзілмеді.

Ең алғаш тағайындалғанда хейттің астында қалдым – 30 жасында әкім болған жас шенеунік

Фото: жеке мұрағаттан

El.kz: Қолыңыз қалт етсе, уақытыңызды қалай өткізесіз? Немен айналысқанды ұнатасыз? Отбасыңызға сапалы түрде көңіл бөлу мүмкіндігі бар ма?

Жүсіп Жұмағұлов: Мемлекеттік қызметкер ретінде менде тұрақты демалыс жоқ. Демалыс күндері де ауданды аралап, тұрғындармен кездесулер мен жиналыстарды өткіземіз. Әкімдіктегі жұмыс ырғағы осындай. Бос уақытымды жұбайыма, балаларыма арнауға тырысамын. Бірге таңғы ас ішу, саябақта серуендеу және бірге уақыт өткізу - отбасылық дәстүріміз. Спортқа да жақындығым бар. Жұмыста жүктеме ауыр болған соң, күн сайын түскі ас уақытында спортзалға барып, спортпен шұғылдануды әдетке айналдырдым.

El.kz: Қызметіңізге байланысты ұзақмерзімді мақсаттарыңыз мен арман-тілектеріңіз болса, бөлісе кетсеңіз?

Жүсіп Жұмағұлов: Мемлекеттік қызметте жүргеніме 8 жыл болыпты. Болашақта осы жолдан таймай, әлі де болса халыққа қызмет етуді жалғастырғым келеді. Халқыма пайдалы болғым келеді. Азаматтарға сапалы көмек көрсете білгім келеді.

El.kz: Әкімдік қызметіңіздің аяқталар тұсында аудан өмірінде қандай өзгерістер болғанын қалар едіңіз?

Жүсіп Жұмағұлов: Әріптестерімізбен бірге өткізген жұмыс нәтижесінде аудан жайлы, көрікті, заманауи, әдемі болса, арманым жоқ.

El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға