Жаңалықтар

ЕЛЖАУДЫҢ ТƏУЕЛСІЗДІККЕ БЕТТЕУІНІҢ СЕБЕПТЕРІ

ЕЛЖАУДЫҢ ТƏУЕЛСІЗДІККЕ БЕТТЕУІНІҢ СЕБЕПТЕРІ
21.08.2014 09:26 3312

Үйсін ұлысын тəуелсіздікке жетектеген басты адам - Елжау күнби Нəндібиұлы. Бұл беталыс неден туындады дегенге жауап бере кету борышымыз, əрине. Бұл туралы мынадай ойларды айтуға болады:

Елжау есейе келе өз əкесінің Мөде тəңірқұт қолынан өлгенін білгесін, кектеніп, өшігіп, оның қағанатынан түптің түбінде бөлініп кетуді ойлаған деу. Жылнамалар бұл ойдан ашық дерек бермейді. Бірақ Нəнді бидің Мөде қолынан өлгеніне сенсек, Елжауда бұл ой болмады дей алмаймыз. Алайда Мөде Елжаудың сəби кезінде қайтыс болып кетеді. Елжау Мөденің ұлы Лаушаң заманында есейіп, жігіт болады. Тəуелсіздік алуы оның ұлы Жюнчын (Кеюк, Киік) кезіне тура келеді. Тəңірқұттар өз парасаттарын толық пайдалана отырып, бар құқықты өздеріне əбден шоғырландырғаны жəне тəңірқұтқа мұрагерлік түзімі бойынша, басты биліктілердің бəрі дерлік оның ноқтаағасы тайпасынан шығуы керектігін айқын жариялағаны себепті, Елжауға кек қайтарудың бөлініп кетуден өзге жолы (тəңірқұттық тақты тартып алу, т. б.) жоқ екені белгілі еді. Қанға қан жолын қуып Мөденің бір ұрпағын, мысалы тақта отырған Жюнчынды жайратудың тым парасаттылық емесін Елжау əрине біледі. Сонымен, бұл əке кегі аса парасатты Елжау үшін ең басты себеп бола алмайтын сықылданады.

2. Елжау немесе Елжауды кіндік еткен Үйсіннің ең жоғарғы ығайлары “ортақ өгізден оңаша бұзау артық” санады деу. Мен олардың ішін араларын ғана болмаса, дəл Елжаудың өзін бұған қимаймын. Ол Елжау “бірлік түбі - тірлікті” білмейді дегенге саяр еді. Мұның мүмкіншілігі аз. Əсіресе берекесіздіктің тақсіретін ғасырлап тартқан, енді ғана бас құрап, ес жиюға беттеген Ұлы Дала елінің төбе тобында (тəңірқұтқа таяу сатыда) жүрген парасатты Елжау үшін мұны білмеуі мүмкін емес.

3. Тəңірқұт жүргізіп жатқан соғысқа қол тапсыру, оның шығыны үшін алым-салық беріп тұру жұртын жауыр қыларлық дəрежеге жеткендігі үшін деу. Бұл себеп бар. Дегенмен бұл да басты себепке жата алмайды. Өйткені егер жолақ, іс дұрыс, болашақ нұрлы болса, оған қажетінше құрбан беру керегін Елжаулар да біледі.

4. Елжау тобы Ғұн қағанатының болашағын көмескі санады, тіпті түңілерлік ны- шандарын байқады деу. Меніңше мұның жаны бар. Ең басты себеп те осы болуға тиісті. Қалғанының бəрі қосалқы себептер. Хəн əулетінің атақағаны Лю Баң б. з. б. 206 жылы таққа отырса, Мөде одан 3 жыл бұрын таққа шыққан болатын. Лю Баң 12-ақ жыл билесе, Мөде 36 жыл билеген еді. Елжау олардың мұрагерлері заманында ержетті. Ол өзі тұрған елді (Ғұн империясын) ғана емес, соғыс барысында өзге (соның ішінде, əсіресе Хəн əулетін) де көріп, біліп жүрді. Миы бар адам əрине ойлайды. 20 неше жыл ішінде екі елде екі түрлі өзгеріс туылды. Хəн əулетінде, ғасырлаған тарих қалыптастырған өркениет пен мəдениеттің, көп қала мен қалың жанның үстіне, бір орталыққа мықтап бағынған күшті мемлекеттілік, сол үшін қызмет ететін заң-жарғы, оны қорғайтын əлеуетті əскери жүйе қалыптасты.

Ал, Ғұн қағанатында осының бəрі олқы. Бір орталыққа ауызда ғана бағынғанбау хандықтардың (бəрін қосқанда) неше миллион ғана жанымен (қару көтеріп шыға алатыны 300 мың ғана) патшаның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болатын неше он миллиондық хəндерге қарсы толассыз соғыстың, оның керісінше Ғұн ақсүйектері ішіндегі қатая бастаған тақталасының, елдегі іштілік пен əлеуеттілік жақтағы əлсіздіктердің (табиғи апат, мешеу өндіріс қатарлардан туындаған кедейлік) т. б. аяғы қайда апарары беп белгілі еді. Елжау елдің ішкі жағындағы шипасы табылмайтын дерттер мен сыртқы (күші мен айласы үстем) əсерлерді, Хəн əулетінің түптеп келгенде, Ғұн қағанатын құртатынын ерте сезді. Кейінгі тарих, Ғұнға қараған бетінен таймаған баулар түгіл, бүкіл Ғұн қағанатын да құрдымға əкетті емес пе. Сондықтан Елжау ертерек ес жиып, өз еліне нұрлы болашақ іздеді.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға