Елжан Біртанов жаңа қызметке тағайындалды
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Енді ол QazMed медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің кәсіподағында кеңесші қызметін атқаратын болады.
Бұл туралы Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы медиаорталығының директоры Гүлмира Қаракөзова мәлімдеді.
Қаракөзованың айтуынша, 13 наурызда кәсіподақтар федерациясы кеңсесінде QazMed медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің кәсіподағының жаңа кеңесші Елжан Біртановты таныстырған.
QazMed төрағасы Әлиакпар Мәтішев әлеуметтік әріптестікті дамытуда үлкен тәжірибесі бар Елжан Біртановқа медицина қызметкерлері үлкен үміт артып отырғанын айтты.
Елжан Біртанов медицина жұртшылығының мүддесін ілгерілету үшін бар тәжірибесі мен білімін қолданатынын жеткізді.
Кәсіподақтың рөлі медицина қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қорғауда маңызды. Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп біз шешетін мәселелер әлі де бар. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің мәртебесі, мекемелерді кадрлармен қамтамасыз ету, жас мамандарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қолдауды заңнамалық түрде айқындау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлеріне лайықты еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыруды жалғастыруымыз керек. Салалық келісімге тиісті өзгерістер енгізу қажет, - дейді бұрынғы министр.
Еске салайық, 2020 жылдың 25 маусымында Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Кейін Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған болатын.
2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.