Елу жылда ел жаңа, жиырма бес жылда заң жаңа
Өткен аптада Мәжіліс депутаттары «Масс-медиа туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Енді осы құжаттың нақты кейіпкерлері – журналистер қауымы жоғарғы палатаға көз тігіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заң үнемі қызу талқыға түсіп жатады. Бұл бірінші кезекте әріптестеріміздің, яғни журналист жолдастарымыздың аса белсенділігінен деп білеміз. Және осы жерде екі тіл мен екі ділге бөлінетініміз де бар. Мысалы, біз айтып отырған «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылау барысында телерадиодағы қос тілдің үлес салмағы төңірегіндегі мәселе үлкен дауға айналды. БАҚ-та ЛГБТ насихатына жол бермеу жөніндегі ұсыныстың да жолы болмай тұр.
Телевизия мен радио тілі
Аталған заң жобасын жұмыс тобында талқылау барысында телевизия мен радио басшыларының «қазақшаны көп берсек, талай табыстан қағыламыз, көрермен мен тыңдарманнан айырыламыз, рейтингіміз нөл болады» деген қасаң пікірден әлі арылмағаны байқалды. Бұл мәселені жағымыз талмай айтып келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Ал БАҚ басшылары әлі сол 20 жыл бұрынғы ескі ойымен отыр. Солардың арасында Business FM радиостанциясының бас директоры Рустам Мақсұтов болды. Ол тіпті қазақ әндерінің тыңдарман талғамына сай келмейтінін айтып салды.
Радиостанциялардың, тыңдармандардың өз талғамы бар. Негізі қазақтілді аудиторияға арналған әндер біз ұсынып отырған талаптарға сай бола бермейді. Бұл — мейрамханалар мен кафелерде айтылатын әндер. Сондықтан бұл біздің форматқа сәйкес келмейді, – деген еді Мақсұтов мырза өткен жылы қараша айындағы бір талқылау кезінде.
Бұл қоғамда үлкен дау тудырды. Қызды-қыздымен «бұл радионы жауып тастау керек» дегенге дейін бардық. Ал Business FM басшысы халықтың ашуынан әдеттегідей кешірім сұрап құтылды. Сот сараптамасы да оның әлгі сөзінде ұлтаралық алауыздық тудыратындай белгі жоқ деген қорытынды шығарды.
Мақсұтов – көзге ерекше көрініп қалған біреу ғана. Әйтпесе, еркіне салсаң қазақшаны мүлдем ысырып тастағысы келетін басшылар БАҚ-та баршылық.
Сонымен, Мәжіліс депутаты, «Масс-медиа туралы» заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, о баста бұл құжатта теле-радиоарналардағы мемлекеттік тілдегі өнімдердің үлесін кемінде 60 пайыз етуді қарастыратын норма болған. Талқылау барысында 70 пайыз туралы ұсыныс айтылды. Осы норманы ұсынғандардың бірі журналист Халима Тәжіқұл еді.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдасы бар. Аталған құжатта 2029 жылы республика бойынша қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындар үлесі 84 пайызға, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесі 94 пайызға жететіні жазылған. Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында мемлекеттік телеарналарда мемлекеттік тілде көрсетілетін телебағдарламалар үлесі 2024 жылы 72 пайыз, ал 2029 жылы 84 пайыз болады делінген. Мен мемлекеттік тілдегі теле-радиобағдарламалар мен отандық өнімнің үлесі осы жоспарға негізделуі керек еді санаймын. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін арнайы бағдарлама қабылдап, бюджеттен бірнеше жыл қатарынан қомақты қаржы бөліп, түрлі іс-шараларды жүзеге асырып келеміз. Қомақты қаржы мен түрлі іс-шараның нәтижесінде қазақша сөйлейтін қауым үлесі артуы керек, тұжырымдама соны көздеп отыр ғой. Сондықтан телебағдарламалар үлесі қазақша сөйлейтіндер үлесінен кем болмауы керек деп ойлаймын. Сол себепті осы пікірімді жұмыс тобының отырысында жеткізген едім, – дейді Халима Тәжіқұл.
Жұмыс тобындағылардың көбі, оның ішінде депутаттар да мемлекеттік тілдегі теле-радиоөнімдер 70 пайыздан кем болмауы керектігін қолдаған. Бірақ ақыр аяғында қазақшаның үлес салмағы сәл ғана көбейді. Неге олай болғанын Жанарбек Әшімжан түсіндіріп берді.
Жалпы, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда 2000 жылдардың басында телебағдарламалар үшін тілге қатысты 50 де 50 деген норма қабылданды. Сол күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Бірақ бізде ұлттық басымдық бар. Соған байланысты жаңа заң жобасына о баста 60 та 40 деген норма ұсынылған еді. Бірақ жұмыс тобының отырысында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бастаған азаматтар (жалпы жұмыс тобында 110 адам болдық, оның 22-сі – депутат) «60 та 40-пен келіспейміз, 70 те 30 болуы керек, яғни 70 пайыз мемлекеттік тілде, 30 пайыз басқа тілдерде» деді. Сол бойынша депутаттардың дауыс беруімен жұмыс тобында қабылданған. Алайда бұл жерде үкіметтің қорытындысын қажет ететін регламент бойынша құқық бар. Атқарушы билік өкілі бұны сол үкімет қорытындысына сұрады. Біз қабылданған ұсынысты соған жібердік. Үкімет қорытындысы 4 айға жақын уақытта шықты. Бірақ атқарушы биліктегілер бүгінгі қалыптасқан ахуалды, ұлттық мәселелерді, ішкі, сыртқы саясатта болып жатқан жағдайларды ескеріп, соның аргументтерін алға тарта отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру, яғни 2025 жылы 55 пайыз, 2027 жылы 60 пайыз, содан кейін ары қарай қажет болып жатса, тағы қосымша өзгертулер енгізейік деген қорытынды шығарды. Сөйтіп, осы шешім қабылданды, – дейді Жанарбек Әшімжан.
Біздіңше, бұл жерде жоғарыда келтірілген Мақсұтов сияқтылардың да пікірлері ескерілген тәрізді. Бірақ үкіметтің де қолданып отырған саясаты, алға тартқан дәйектері, пайыздық үлесті біртіндеп көтеру туралы жоспары дұрыс та шығар деген ойдамыз.
ЛГБТ дауы
Айтқандай, Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев теле-радиодағы қазақ тілінің үлесін тіпті 80 пайыз қылуды ұсынған. Олар сол үшін және басқа да мәселелерге байланысты «Масс-медиа туралы» заң жобасын қабылдауға қарсы дауыс берді. Жалпы, бұл құжатты қабылдауға Мәжілісте осы екі депутат қана қарсы болды. Ал олар наразылық білдірген мәселелердің бірі ЛГБТ-ға, яғни дәстүрлі емес жыныстық бағыттарға қатысты еді.
Жаңбыршин мен Мұсабаев біз сөз етіп отырған құжатқа ілеспе ретінде қосылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылау кезінде ҚР Қылмыстық кодексі 174-бабының «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру» деген бірінші бөлігін өзгертуді ұсынған. Яғни оны «әлеуметтік алауыздықты, оның ішінде дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттау арқылы қоздыру» сөздерімен толықтыру керек деген. Бірақ олай толықтырылмады.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан «Масс-медиа туралы» заң жобасының өзіне бұқаралық ақпарат құралдарына ЛГБТ өкілдері туралы жазуға, айтуға тыйым салатын түзету енгізуді ұсынған еді.
Дәстүрлі емес сексуалдық бағдар, яғни ЛГБТ ғой... Заң жобасында тура ЛГБТ деп көрсеткен жоқпыз. Асхат Аймағамбетов екеуміз осындай ұсыныс айттық. Ұлттық салт-дәстүріміз бар, жаңа өсіп келе жатқан ұрпақтың мәдени, рухани жақтан азғындамауына жол ашу үшін, сыртқы түрлі келеңсіз мәдениеттердің дендеп кіріп жатқан кезеңін ескеріп, біз сондай норма қосқымыз келген. Ол рас. Бұл бүкіл әлеуметтік желіде терең талқыланды. Жұмыс тобының отырыстарында қаралды. Негізі, жұмыс тобының мүшелері бұны да қабылдаған. Бірақ ол да үкімет қорытындысына жіберілді. Қазір сонда жатыр. Асхат Қанатұлы екеуміздің бұл ұсынысымыз депутаттар тарапынан өз бағасын алды. Әртүрлі көзқарастар да туындап жатқан шығар. Дегенмен, дәл қазіргі кезде ол тікелей депутаттардың дауыс беруімен қабылданбай қалған жоқ. Бұл дауысқа салынбады да. Жаңа айтқанымдай, үкіметтің пысықтауына, қорытынды шығаруына жіберілді, – дейді Әшімжан.
Оң өзгерістер баршылық
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, «Масс-медиа туралы» заң жобасы жөніндегі жұмыс тобы аталған құжатты 7-8 айдай талқылаған. Сол уақыт аралығында жұмыс тобының 34 отырысы өтіпті.
34 отырыс деген оңай емес. Бұл – мәжілістің ең үлкен жұмыс тобы. Оның құрамында 110 адам болды деп айттым ғой. Жұмыс тобының отырыстарына елімізге мәлім журналистер, елімізге мәлім қоғамдық ұйым өкілдері, депутаттар қатысты. Және әрбір жиын үлкен талқылауларға, үлкен пікір қайшылықтарына ұласып жатты. Бұл жерде негізінен шешім қабылдайтын депутаттар ғой. Солардың алдында ашық талқылаулар болды. Талқылау барысында қоғамдық ұйым өкілдері де депутаттар арқылы өздерінің ұсыныстарын беріп отырды, – деп қосты депутат.
Жоғарыда жазғанымыздай, кейбір ұсыныстар қарсылыққа ұшырады. Сонымен қатар айтылған пікірлердің ескерілген тұстары да бар.
«Масс-медиа туралы» заң жобасының жұмыс тобында медиақауымдастық өкілдері демократия талабына сай келетін ұсыныстар жасап еді, өкінішке қарай, бәрі бірдей қолдауға ие болмады. Десе де журналистерді аккредиттеу кезінде алалауға жол беретін баспасөз картасы туралы бапты алып тастауға қол жеткізілді. Жасыратыны жоқ, уәкілетті орган ұсынған бұл норманы қос қолдап қолдаған депутаттар да болды. Бастысы, бізді қолдаған депутаттар басым түсті. Тағы бір жаңалық: ақпарат таратушы сайттар интернет-басылымға теңестірілді. Енді интернет-басылым атанғысы келетін сайт иесі БАҚ түрі ретінде заңға сай тіркеуден өтіп, құқықтық мәртебесіне сай жұмыс істей алады. Журналистер тарапынан мемлекеттік органдар сұрағымызға жауапты ұзақ ұстайды деген шағымды жиі айтады. Қолданыстағы нормаға сәйкес, мемлекеттік орган журналист сұрағына жеті күн ішінде, егер жауап беру үшін қосымша деректер қосу қажет болса, он бес күн ішінде жауап береді. Тәуелсіз сарапшылар жеті күнді үш күнге дейін қысқартуды ұсынған еді, өкінішке қарай, уәкілетті органның бес күнде жауап беру нормасы қабылданды. Ақпараттық технология дамыған бүгінгі кезде журналиске бес күн бойы жауап күткізіп қою тақырыптың ескіруіне, жалған ақпараттың таралуына ықпал ететінін депутаттардың бәріне бірдей түсіндіре алмадық. Тәуелсіз сарапшылардың үлкен жеңісі ретінде журналист материалының ескіру мерзімінің бір жыл деп белгіленгенін айтар едім. Енді журналист материалына қатысты бір жыл ішінде ешкімнен шағым түспесе, одан кейін ешкім сотқа тарта алмайды. Заң жобасы жұмыс тобының талқылауына ұсынылғанда ескіру мерзімі үш жыл деп белгіленген еді. Тәуелсіз сарапшыларды қолдаған бірқатар депутат пен Жоғарғы сот өкілінің белсенділігі арқасында ескіру мерзімі бір жыл деп белгіленді. Ал қазіргі уақытта журналистің бірнеше жыл бұрын жарияланған материалына шағымы барлар кез келген уақытта сотқа жүгіне алады. Жалпы, Мәжілістен Сенатқа кеткен заң жобасы туралы ұзақ айтуға болады. Ендігі сөзімізді сенаторларға жеткізуге тырысамыз, – деген пікірін айтты Халима Тәжіқұл.
Ал депутат заңды заңды керемет мінсіз деп айта алмайтынын жеткізді. Бірақ оның керемет өзгешілігі бар екені анық. Бастысы, масс-медиа, яғни БАҚ өкілдерінің ұсыныстары көп жерде ескерілді.
Қалай болған күнде де қолданыстағы заңды сапалық жақтан күшейту, бүгінгі өзіміздің әріптестеріміз, журналистер қауымының кәсіби деңгейіне, қауіпсіздігіне, ақпарат таратуына мүмкіндік беру бағытында, сөз бостандығын қамтамасыз етуде едәуір сапалы деңгейге қол жеткіздік деген ойдамын. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ағамыз (енді өзі қаншама жылдан бері оппозициялық бағытта істеп келе жатқан үлкен ағаларымыздың бірі ғой, кәсіби журналист), «соншалықты абсолютті деңгейдегі заң деп айта алмаспыз, бірақ үлкен ілгерілеушілік бар» деп өзі де жұмыс тобының мүшесі ретінде бағасын беріп өтті. Сондықтан журналистердің мәртебесін көтеруге, олардың, мемлекеттік органдардан болсын, қоғамдық ұйымдардан болсын, кез келген уақытта кедергісіз ақпарат алуына мүмкіндік беретін дұрыс заң қабылданды деп санаймын. Бұл жерде баса айтатын нәрсе – ешқандай ешкімді күштеу болған жоқ, жұмыс тобының барлығы ашық өтті, ашық талқылаулар болды. Кейде тіпті бір нормаларды екі түрлі позицияда қолдауды бөлек дауысқа салып отырдық, қолдамауды бөлек дауысқа салу арқылы да шешім қабылдадық, – дейді Жанарбек Әшімжан.
Түйін
Қазіргі қолданыстағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның қабылданғанына биыл ширек ғасыр болады екен. Ол 1999 жылы 23 шілдеде күшіне енген. Арасында түзетулер мен толықтырулар енген кездер бар, әрине. Ал енді «Елу жылда ел жаңа» десек, 25 жылда заң жаңарып жатыр. Оның аты да, заты да мүлдем басқаша кейіпке енді. Әсте-әсте әлі де жақсы жағынан өзгере түседі деген ойдамыз.