Жаңалықтар

«Елтану» экспедициясы Қарағандыдан Павлодар облысына аттанды

«Елтану» экспедициясы Қарағандыдан Павлодар облысына аттанды
10.10.2019 09:35 2702

Қарағандыда «Елтану» республикалық туристік-өлкетану экспедициясы жолға аттанды. Биыл қатысушылар Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарын аралайды.

«Елтану» экспедициясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Өз жеріңді таны» жобасы аясында өткізілуде. Мақсаты – этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін нығайту, жастарды патриотизмге тәрбиелеу. Биыл экспедицияға Абай оқуларының, «Мың бала», «Алғысым саған, Қазақстан!» байқауларының жеңімпаздары, «Ұлт қазынасы» және «Түркі әлемі: Күлтегін жырлары» фестивальдеріне қатысушылар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелері, блогерлер, журналистер мен ғалымдар қатысты.

«Елтану» экспедициясы Қарағандыдан Павлодар облысына аттанды

Экспедиция екі негізгі бағытты қамтиды. 8-10 қазан аралығында делегация Павлодар облысына барады. Экспедиция мүшелері Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркіне, Бұхар Жырау кесенесіне, Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың мұражайына, Мұса Шорманұлы мен Мәшһүр Жүсіп кесенесіне баруды жоспарлауда. Сонымен қатар Жасыбай көлін, Қоңыр әулие үңгірін, Сақ қорғандарын және басқа да қасиетті орындарды көруді көздер отыр.

«Елтану» экспедициясы Қарағандыдан Павлодар облысына аттанды

10-12 қазан аралығында экспедиция Шығыс Қазақстан облысына аттанады. Мұнда олар Жидебай-Бөрілідегі Абай атындағы мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығын, Құнанбай құдығын, Зере мен Ұлжан кесенелерін, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешенін, Еңлік-Кебек кесенесін, сондай-ақ Бөрілідегі «Алаш арыстары - Мұхтар Әуезов» мұражайын тамашалайды. Қарағандылықтар осындай өлкетану экспедицияларына екінші жыл қатарынан қатысып келеді. Өткен жылы олар Бұқар Жырау, Қарқаралы және Ұлытау аудандарында болды.

inform.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға