Жаңалықтар

Елорданың өзбек этномәдени орталығы атқарылған жұмыстардың барысын талқылады

Елорданың өзбек этномәдени орталығы атқарылған жұмыстардың барысын талқылады
05.05.2019 00:00 5093

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде өзбек этномәдени орталығы кеңтейтілген отырыс өткізді.

Оның барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» XXVII сессиясы қорытындыланып, орталықта атқарылған жұмыстардың барысы талқыланды.

Кеңейтілген отырысқа Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов, Қазақстан Республикасының «Дустлик» өзбек қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шарипов, Өзбекстан Республикасынан келген қонақтар, орталық мүшелері мен жастар қанаты қатысты.

Елші Саидикрам Ниязходжаев орталық төрағасы Ш. Пулатовты ҚХА Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалуымен құттықтай келе: «Елордалық өзбек этномәдени орталығына Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізу жұмыстарына барынша қолдауымды білдіремін», – деді.

Өз кезегінде құттықтауын жеткізген Х. Шарипов ҚХА сессиясының қорытындысымен таныстыра отырып, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қойған міндеттеріне орай орталықтың жұмыс барысына тоқталды.

Өткен жылдың аясында, сондай-ақ, Қазақстандағы Өзбекстан жылы шеңберінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Ш. Пулатов сөз сөйледі.

Өзбек этномәдни орталық түрлі бағытта маңызды іс-шаралар ұйымдастырып өткізеді. Солардың бірі – ұлы ағартушы Әлішер Науаиге арналған әдеби кеш - «Шығыс жұлдызы – Науаи». Сонымен қатар орталық дәстүрлі түрде жыл сайын мини-футболдан «Достық кубогы» республикалық жастар арасында жарыс, Наурыз мейрамына орай «Сумаляк party», Елорданың туған күнінде «Палау party» ұйымдастырады. Алғыс айту күнінде, Жеңіс мейрамында  қайырымдылық акциясын өткізеді.

«Іс-шарамыздың барысында «Пойтахт ешлари» жастар қанатына үлкен мән береміз. Жастарымызды барынша ынталандырып, қоғамдық жұмысқа қатысуына қолқанат боламыз. Сондай-ақ орталық жанынан құрылған «Зие» жексенбілік мектебінің қызметіне жан-жақты көмек көрсетеміз. Оларға қажетті оқу-әдістемелік құралдармен, музыкалық аспаптармен қатамасыз етеміз», – деді Ш. Пулатов.

Тағы бір айта кетері, орталық жанында «Nur Otan» партиясының «Пойтахт» бастауыш партия ұйымы құрылған. Оның мақсаты – өзбек этномәдени орталық мүшелерінің еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араластыру.

«Біздің орталығымызда жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар Қазақстанда қалыптасқан дұрыс саясаттың және Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тікелей ықпалының арқасында. Соңғы екі жылда біз Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен белсенді ынтымақтасамыз және бауырлас елдер арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға өз үлесімізді қосып келеміз», – деп маңызды жұмысқа баса назар аудартты орталық төрағасы.

Отырыста өзбек этномәдени орталығының жаңа құрылымы бекітілді және орталық төрағасының төрт орынбасары жаңадан тағайындалды.

Төрағаның қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары болып экономика магистрі, «Hyla Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі компаниясының Бас директоры Әлішер Нұралиев, жастар мәселелері жөніндегі орынбасары болып Теміртау қалалық Мәслихатының депутаты, «БК Вершина» ЖШС құрылыс компаниясының қаржы директоры Фарухжон Курбанов, мәдениет және білім жөніндегі орынбасары болып «Kaz Universal» ЖШС директоры, «Regent Colderdale» білім беру орталығының ресми өкілі Шахноза Пулатова, әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары болып Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ директорының орынбасары Немат Ахмеджанов сайланды.  

«Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалуымен бірге маған үлкен жауапкершілік жүктеледі және оларды іске асыруда маған белсенділік таныту қажет болатын бірқатар міндеттер алдыда күтіп тұр. Маған көрсеткен сенімді ақтау үшін барынша күш салу – бүгінгі таңда алдымда тұрған зор мақсат. Осыған байланысты біз елордалық өзбек бірлестігінің жаңа құрылымын құрдық. 27-ші сессияда Елбасы бірқатар тапсырмалар берді, оларды жүзеге асыру үшін жастарды бірлік рухында тәрбиелеуге және оларды қоғамдық жұмысқа тартуға ерекше назар аудару қажет. Қазақстанда Жастар жылы өтіп жатқанын ескере отырып, этномәдени бірлестік қызметі саласында жинақталған тәжірибені асыру маңыздылығын түсіне отырып, орталықтың Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің нұсқауларын басшылыққа ала отырып, біз өзбек жастарының табысты өкілдерінің қатарынан жаңа төрт орынбасарды тағайындадық. Бұл шешім жастар үшін ынталандыру болып табылады. Біздің бірлестіктің жұмысына жаңа серпін беретініне сенімдімін және біз мемлекетіміздің дамуы үшін көп еңбек етеміз», – деді Ш. Пулатов.

Отырыс соңында өзбек этномәдени орталығының белсенділері марапатталды. Төраға орталықтың дамуына қосқан зор үлесі үшін бұрынғы орынбасарлары Хасан Шарипов пен Ихтиера Ходжаеваға алғысын білдіріп, оларға естелік сыйлықтар мен гүлдер табыс етті. Сонымен қатар мерекелік төсбелгімен Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті мемлекеттік аудит бөлімі басшысының орынбасары Бахтиер Мараджапов және орталықтың белсенді мүшесі Сабр Ташпулатов марапатталды.

Сонымен қатар марапаттау рәсімінде ақын Әлішер Науаиге арналған «Шығыс жұлдызы – Науаи» атты әдеби кеш өткізуге белсенді қатысқан қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға