Елордалықтар «Заманауи домбыра» шоу-концертін тамашалай алады

7 шілдеде ЭКСПО аумағында Ұлттық домбыра күніне арналған «Заманауи домбыра» мерекелік шоу-концерті өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астана әкімдігінің мәліметінше, концерттік бағдарламаның тұжырымдамасы – заманауи балетпен ұштастыра отырып, қазақ этникалық домбыра аспабының әлеуетін зерттеуге және көрсетуге бағытталған мультимедиялық интерактивті технологияларды пайдалана отырып, музыкалық перфоманс дайындау.
Іс-шараны ұйымдастырушылар атап өткендей, музыканттардың, суретшілердің, балет әртістерінің және графикалық мамандардың ынтымақтастығы арқылы домбыра басты рөл атқаратын инновациялық дыбыстық және көрнекі шығарма жасалады.
Шоу танымал қазақстандық орындаушылар, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтары арасында ұлттық аспапты кеңінен дәріптеуге бағытталған.
Мерекелік концерттің жүргізушілері: Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек.
Кеш қонақтары: Kalifarniya, Ақтоты Болшова, «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі, «Серпер» виртуоздар домбырашылар ансамблі, «SAZ» этно тобы, «Steppe Sons», «Assyl», «T&Y», «Арт-домбыра», «Aldaspan», Dj Годунов.
Іс-шара ЭКСПО аумағында 7 шілдеде сағат 18:00-де өтеді.
