Жаңалықтар

Елордалық жексенбілік этномектептер жаңа оқу жылын бастап кетті

Елордалық жексенбілік этномектептер жаңа оқу жылын бастап кетті
09.09.2019 12:33 3287

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен елордалық армян, неміс, орыс жексенбілік этномектептер жаңа оқу жылын салтанатты түрде бастап кетті.

Нақтырақ айтқанда, «Ван» армян мәдени орталығы» ҚБ армян жексенбілік мектебінің жаңа оқу жылының басталуына арналған мерекелік іс-шарасын өткізді.

Жаңа оқу жылының басталуымен балаларды Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова құттықтады. 

Елордалық жексенбілік этномектептер жаңа оқу жылын бастап кетті

«Елордалық Қазақстан халқы ассамблеясының 23 этномәдени бірлестігі жанында 12 жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Оларда сабақтар кешенді және жүйелі түрде өткізіледі», – деп атап өтті Л. Құсайынова.

Армения Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гагик Галачян да балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

«Балалар үшін ең бастысы – сапалы білім алу. Қазақстан Республикасының Үкіметіне көрсетілген көмек үшін алғысым шексіз», – деді Г. Галачян.

«Ван» армян мәдени орталығының төрағасы Саак Салумян жексенбілік мектепте атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, осы жылда армян жексенбілік мектебінде 4 сынып бойынша 40 оқушы білім алатын болады.

Ал «Возрождение» немістер қоғамының ғимаратында неміс жексенбілік мектебі  жаңа оқу жылының ашылу салтанатын ұйымдастырды. Германиядан арнайы келген мәдениет сұрақтары бойынша ассистент Антон Хаур мерекеліс іс-шараға қатысты. Сондай-ақ, мектепте «таңғы шеңбер», «танысу» ойындары өткізілді. Кейін балалар үш пән (неміс тілі, елтану, қолөнер) бойынша сабақтарға қатысты.

Елордалық жексенбілік этномектептер жаңа оқу жылын бастап кетті

Өз кезегінде «Лад» республикалық славян қозғалысының елордалық филиалының орыс жексенбілік мектебі де 2019-2020 жылға арналған жаңа оқу жылына арналған алғашқы сабақтарын өткізді. Бұл жолы мектепке 15-тен аса жаңа оқушы қабылданды. Елордалық ҚХА хатшылығының бас маманы Гүлнар Тайгокова балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, орыс жексенбілік мектебінің тәжірибесі мен дәстүрлерін атап өтті.

Елордалық жексенбілік этномектептер жаңа оқу жылын бастап кетті

Атап өту керек, Қазақстандағы этностардың жексенбілік мектептері этностардың тілдерін, мәдениеті және салт-дәстүрлерін дамыту мақсатында арнайы құрылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға