Елордадағы "Madrid 2" үйінің тұрғындары пәтерлеріне кіре алмай жүр
Елордадағы "Madrid 2" үйінің тұрғындары пәтерлеріне кіре алмай жүр, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Астана қаласындағы «Мадрид 2» тұрғын үй кешенінен баспана сатып алғандар қақаған қыста жылуға жарымай отыр. Олардың айтуынша, биыл күзде берілуі керек жылу әлі де жоқ. Басшылық тек, бұқараны құр уәдеге тойдырып келген.
Биыл банк арқылы «Мадрид 2» тұрғын үй кешенінен ипотекаға үй алдым. Қолымызға пәтердің кілті қазан айында тиді. Құрылыс компаниясы қараша айында үйді толық тапсыру керек болған. Бірақ, жылу әлі де жоқ. Басшылықтан сұрасақ әр апта сайын жылу болады деп жалған уәде беріп келеді. Ал біз жылу жоқтығының себебінен не пәтерімізге кіре алмай не жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай отырмыз, - деді Талғар Тұрсыналы.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жүргізген «G-PARK» ЖШС-нен ешқандай кері байланыс болмаған. Базынасын кімге айтарын білмеген олар әкімшілікке де шағымданған екен.
Қаншама адам пәтер үшін төлем жасап жатыр. Қаншама адам баспанасы үшін шығындалып жатыр. Бірақ, «G-PARK» ЖШС тарапынан ешқандай қозғалыс жоқ. Әкімшілікке де шағымданғанбыз. Қызметкерлері келді. Көмектесеміз деді. Алайда, өздеріңіз көріп отқандай ешқандайда әрекет болмады, - деп атап өтті «Мадрид 2» тұрғын үй кешенінің тұрғыны.
Еске сала кетейік, бұл аталған құрылыс компаниясының қатысуымен болып отқан алғашқы жағдай емес. Бұдан бұрын «Мадрид» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да жылу, жарық секілді мәселелер бойынша БАҚ өкілдеріне жан айқайын жеткізген болатын.