Елордада бағаны шектен асырған кәсіпкерлер жауапқа тартылады
Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы апта сайын үй жанындағы дүкендердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізеді. Мониторинг барысында 1 мыңнан астам дүкен қамтылып, нәтижесінде бағаның сауда үстемесінен асып кетуі, көкөніс пен сүт өнімдерін сақтау талаптарының сақталмауы анықталды.
– Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіпкер тауарға баға белгісінің болуын және шекті сауда үстемесінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Басқарма баға белгілерінің болмағаны және сауда үстемесінің 15% асып кеткені үшін кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын хабарлайды. Сол сияқты үй жанындағы дүкендердің иелері санитарлық нормаларды сақтауы қажет, оның ішінде тез бұзылатын өнімдерді сақтау бойынша: тоңазытқыш камераларды сөндірмеу, сүт өнімдері секторын стеллаждармен жабдықтау, ауаның төмен температурасы мен ылғалдылығын бақылау, сондай-ақ сауда-саттық кезінде белгілі бір жарық режимін сақтау. Коммуналдық төлемдерді үнемдеу елорда тұрғындарының денсаулығына қауіп төндіреді, – делінген әкімдік мәліметінде.