Елордада жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталды
Тұрғын үй орталығы "Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қабылдау 20 желтоқсан сағат 09:00-ден 28 желтоқсан сағат 23:59-ға дейін жалғасады.
Құжаттарды қабылдау тек qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі.
Бұл бағдарламаға Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте тұрған төмендегі санаттағы азаматтар қатыса алады:
жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;
жасы бойынша зейнеткерлер;
жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
қандастар;
экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;
көпбалалы отбасылар;
мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
толық емес отбасылар.
Өтініш беру үшін қажет құжаттар:
1. ЭЦҚ кілті;
2. отбасының барлық мүшелеріне ҚР бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ немесе бар екендігі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;
3. балалардың туу туралы куәліктерінің сканерленген нұсқасы / отбасы мүшелерінің жеке куәлігі (бар болса);
4. неке қию/бұзу/ әке болуды анықтау туралы куәліктің сканерленген нұсқасы/ №4 формасы/ қайтыс болу туралы куәлік (бар болса);
5. жылжымайтын мүлікті белгілейтін құқықтық құжаттарының сканерленген нұсқасы (бар болса);
6. мүгедектік туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (бар болса).