Жаңалықтар

Елордадағы тағы бір ауданда газдандыру мәселесі шешілді

Елорда әкімінің айтуынша, шағын аудандағы үйлердің жартысынан көбі көгілдір отынға көшірілді, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді
Елордадағы тағы бір ауданда газдандыру мәселесі шешілді
Фото: instagram/altay_kulginov_official 26.09.2022 20:25 1143

Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Нұр Бесік» шағын ауданына барып, жергілікті тұрғындармен ауданды дамыту мәселесін талқылады. Бұл туралы әкім өзінің Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды El.kz

«Қала тұрғындарымен тұрақты түрде кездесіп тұрамыз. «Нұр Бесік» (Көктал-1 елді мекені) шағын ауданының тұрғындарымен бірлесе ауданның одан әрі дамуын талқыладық. Қала тұрғындары әлеуметтік нысандар (мектептер, балабақшалар, медициналық орталықтар) құрылысы, кәріз, үй құжаттарын рәсімдеу, қосымша автобустарды іске қосу, жылы аялдамалар орнату, аулаларды, тротуарларды абаттандыру, интернет өткізу секілді өзге де мәселелерді көтерді», деп жазды қала басшысы.

Аудан тұрғындары маңызды проблемаларды бұған дейін де қозғап келген, олардың басым бөлігі, атап айтқанда ауыз су, кәріз, жарықтандыру, газдандыру, жол және басқа да әлеуметтік мәселелер шешімін тапты.

Елорда әкімінің айтуынша, шағын аудандағы үйлердің жартысынан көбі көгілдір отынға көшірілді, көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді, 14 көшенің 13-і асфальтпен жабылды, аулалар абаттандырылып, аялдамалар орнатылды.

«Қала тұрғындары көтерген мәселелерді ескере отырып, аталған шағын ауданда мектеп салу, қоғамдық орындарды абаттандыру мәселелері жоспарға енгізілді. Ал балабақша бойынша инвесторлар тартамыз. Сол сияқты медициналық орталықтар саламыз (қала тұрғындары тығыз орналасқан Сарыарқа ауданында), интернет өткіземіз. Бұл жолғы кездесуде де қозғалған проблемаларды шешу мәселесін қолға алдық, оны орындау кестесін жасаймыз. Елді мекендерді дамыту мәселесі Мемлекет басшысының бақылауында», деп жазды елорда әкімі.






Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға