Жаңалықтар

Елордада TEDxAstana конференциясы өтті

Ұйымдастырушылар қазіргі бастан кешіп жатқан тарихи сәтті тәтті ұйқыдағыдай өткізуге болмайтынына және «бейуақыт» метафорасы бүгінімізді суреттейтініне сенімді
Елордада TEDxAstana конференциясы өтті
Фото: tedxastana.com 07.12.2022 14:03 1733

Елордада TEDxAstana конференциясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

 «Бейуақыт» тақырыбында ұйымдастырылған конференцияға 16 спикер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2022 жылғы оқиғалардан кейін өз-өзімізге, жалпы әлемге деген түсінігіміздің шайқалған жайы бар. Демек, ауыр әңгімені қозғап, күрделі шешім қабылдайтын уақыт келді. Бұл бір «бейуақыт» кезіндегі көңіл-күймен барабар сәт дерсің.

Бейуақыт – ақпен алысқан қараның күшіне енетін өтпелі апақ-сапақ кезі. Бұл уақытта ұйықтасаң, бойды «қара күштер» билейтініне сенген ата-бабамыз, шаруасын қараңғыға қалдырмай қамдаған.

Ұйымдастырушылар қазіргі бастан кешіп жатқан тарихи сәтті тәтті ұйқыдағыдай өткізуге болмайтынына және «бейуақыт» метафорасы бүгінімізді суреттейтініне сенімді.

Конференцияны тіл белсендісі Мақсат Арзаман бастады. Мақсат қазақстандықтарға қазақ тілін үйретіп, жан-жақты танытатын QazaqGrammar, JanaSozdik, QialDub, QazaqshaJaz жобаларында жұмыс істейді.

Әйелдерге арналған онлайн шығармашылық жазу курсының авторы Эльмира Какабаева болмыс ізденісі мен жазу ісін отарсыздандыру арасындағы байланыс туралы айтты.

Эльмира баршаны Қазақстан тарихының қиын кезеңдерін бастан өткерген аналар мен әжелердің тарихын да қамтитын шежірені кеңейтуге шақырады.

Тарихшы-медиевист Жақсылық Сәбитов Қазақстандағы тарихи мифтер феномені туралы сөз сөйледі.

«Тарих ғылым ретінде дамыған сайын мифтер тарихи шындыққа сай өзгереді. Әсері мен ықпалы да қазіргіден гөрі төмен болады» деген сенімде ғалым.

Қазақ гастрономиясының даму болашағын ресторатор Мұхтар Тойбазаров ашып берді. «Қазақшаны сәнге айналдыру керек! Ал қазақ тағамдары осы үрдістің бір бөлігіне айналуы тиіс», – дейді Мұхтар.

Конференцияның екінші кезеңін Қазақстандағы донорлық және трансплантация тақырыбы бойынша мәселе көтеріп жүрген журналист және автор Оксана Акулова жалғастырды. Оксана продюсер Қайрат Нұрмұғамбетов және режиссер, фототілші Қанат Бейсекеевпен бірге «Күту тізімі» деректі фильмін түсірген болатын.

Адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың маңызын баяндайтын туындыны TEDxAstana қатысушылары бірінші болып көрді.

Конференцияның кезекті бөлімінде жас буынға арналған «Сананы отарсыздандыру» саяси перформансы қойылды. Идея авторлары актер Анатолий О мен режиссер Татьяна Ким визуал сторителлинг саласындағы әлемдік мультимедиялық жобалармен айналысады.

Сессия тақырыбын Оксфорд университетінің білім департаментінің ғылыми қызметкері, жазушы Ольга Мун жалғастырды. Ольга Қазақстан ғылымы мен қоғамындағы отарсыздандыру процестері туралы, сонымен қатар кәріс халқының «жонг» ізгілік философиясы туралы айтты.

Исламды жаңа заман талабына сай қайта қарастыру тақырыбын ҚазҰУ философия кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы, «Ислам және модернизм» жобасының авторы Асылтай Тасболат ашып берді.

Қазақстандық бірегейлік тақырыбына бойынша жазушы, мәдениеттанушы, «Басқа этникалық ортадағы орыс тілі» зерттеуінің авторы, Қазақстандағы поляк диаспорасы журналының редакторы Юрий Серебрянский де тоқталып өтті.

Әлеуметтанушы, Назарбаев Университетінің докторанты Камила Ковязина білім берудегі теңсіздік жайлы айта келе, сапалы білімнің маңызына тоқталды.

Төртінші сессияны Саяси шешімдер орталығының директоры Шалқар Нұрсейіт бастап, Қазақстандағы қазіргі саяси коммуникация әдістері туралы сөз қозғады.

Мектеп оқушылары, әлеуметтік блогерлер, балалар құқығынқорғаушылар, «Қазақстан жастар кеңесі» қозғалысының құрылтайшылары Фатима мен Медина Майсар балалардың белсенділігі жайлы ой бөлісті.

Конференцияның қорытынды бөлімінде продюсер, Батырхан Шөкенов атындағы қор директоры Наргиз Шөкенова сөз сөйлеп, ұлттық аспаптарды қолданып музыка жазатын The Buhars әртістері шығармашылығын ұсынды. Продюсерлік тәжірибесіне тоқталған Наргиз оны отарлық санадан ада деп қарастыруға бола ма деген сұраққа жауап іздеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға