Елордада Президент шыршасы өтті
Елордада «Республика төрінде» атты президенттік шырша өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президенттік шыршаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 100-ге жуық бала қатысты. Олардың дені 12 жасқа дейінгі мектеп оқушылары. Мерекелік кешке балаларды құттықтауға оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.
Біздің мақсатымыз - еліміздегі балалардың жүзінен күлкі кетпеуін, бақытты балалық шағын қамтамасыз ету. Бүгінгі мереке әрбір баланың көңіліне үлкен қуаныш пен үміт сыйлауы керек деп ойлаймын. Мерекелік іс-шараға арнайы ерекше топтағы, көпбалалы, инклюзивті топтағы, ерекше білімді қажет ететін балалардың тізімі әр өңірде құрылған. Сол тізім бойынша жіберілді. Президенттік шырша - жыл сайынғы дәстүрлі мереке. Әр өңірден әртүрлі балалар келіп отырады. Бұдан бөлек дәл осындай тізімдегі балалар әр өңірде өткен әкімдердің қатысуымен ұйымдастырылған Президент шыршасына да шақырылды, - деп Ғани Бейсембаев мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.
Мерекелік кеш аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр балаға құттықтау хаттары мен сыйлықтарын жолдады. Сыйлықты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев табыстады.
Елорда төрінде деп аталатын президенттік шыршаға 20 өңірден 5 баладан келіп, жалпы 100 бала қатысып жатыр. Олардың әрқайсысы өзінің өнерімен, спорттан, білімнен оқ бойы озып шыққан алғыр балалар. Үш күннен бері арнайы бағдарлама аясында елорданы аралап, ерекше көңіл күймен бүгінгі іс-шараны жалғастырып жатыр. Президент әр 100 балаға арнайы сөмке, IPad, энциклопедия кітаптарының топтамасы және кәмпиттер беріп жіберді, - деді Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие және қосымша білім департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Барлық өңірде 24 желтоқсан күні мерекелік шырша өтті. Бүгін дәстүрлі шара Астанада өтіп жатыр.
Президенттік шыршаға Жетісу облысынан келіп қатысып жатқан 5 сынып оқушысы Кәусар Алмасқызы сыйлықтары үшін президентке алғасын білдірді.
Маған жаңа жылдық кеш қатты ұнады. Президенттік шыршаға алғаш рет қатысып тұрмын. Мерекелік кеште аниматорлар ұнады, сонымен қатар бізге Аяз атаның берген сыйлықтарына алғыс айтамын. Мен бүгінгі кешке ән дайындап келдім, - деді Кәусар Алмасқызы.