Елордада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Елордада «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Мерейлі отбасы» республикалық байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 3344 отбасы қатысқан. Соның ішінен 20 өңірден 20 отбасы үздік деп танылды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева байқау жеңімпаздарын марапаттап, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін жеткізді.
«Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл - төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтары өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың арасында белгілі бір мамандықты ата касіпке айналдырған азаматтардың көп болуы - қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрады, - делінген мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Биыл «Мерейлі отбасы» байқауына 10 жыл толды. Аида Балаева осы жылдар ішінде бұл байқау әулет құңдылықтарын нығайтуға бағытталған нағыз халықтық жобаға, өзіндік брендке айналғанын айтты. Жыл басынан бері байқаудың өңірлік кезеңдері өтті, оған 3 мыңнан астам отбасы қатысты. Алдағы уақытта да қатысушылар саны артады. Өйткені елімізде 6 млн-нан астам отбасы бар екенін жеткізді.
Байқау жеңімпаздарына 1 млн теңге қаржылай сыйлық, шаңырақ бейнелі кубок пен марапат қағаздары берілді. Байқауға әулеттің барлық мүшелері қатысып, отбасы құңдылықтарын көрсетті.
Байқау жеңімпазы атанған отбасыларды спорттық, шығармашыл, педагогтер, батыр анасы бар, қайырымды, кәсіпкерлер, еріктілер, көп ұрпақты және бірнеше санатқа жататын отбасылар деп бөлуге болады.
Отбасы құндылығын сақтап қалу әулеттің басына байланысты. Бастапқы көшке қарап оның ұрпағы өсіп-өнеді. Ал әулеттің басшысы қамқор, мейірімді және кеңпейілді болуы керек. Сонда ғана одан өнегелі ұрпақ пен өнегелі әулет тарайды, - деді Қызылорда облысының жеңімпазы, ІІ дүниежүзілік соғыс ардагері Қабақ Смағұл.
Байқау жеңімпаздары:
Павлодар облысы – Нұрсанов отбасы
Ұлытау облысы – Досбанов отбасы
Ақмола облысы – Қазанғапов отбасы
Алматы облысы – Адияттар отбасы
Шығыс Қазақстан облысы – Макиленов отбасы
Қарағанды облысы – Амриндер отбасы
Қостанай облысы – Ермағамбетов отбасы
Батыс Қазақстан облысы – Ниетқабылов отбасы
Маңғыстау облысы – Тастеміров отбасы
Солтүстік Қазақстан облысы – Ескенов отбасы
Жетісу облысы – Қайранов отбасы
Абай облысы – Досымбаев отбасы
Шымкент қаласы – Бейісбеков отбасы
Алматы қаласы – Сыбанбеков отбасы
Астана қаласы – Сәдуақасов отбасы
Атырау облысы – Белденов отбасы
Жамбыл облысы – Мадалиев отбасы
Ақтөбе облысы – Ыспанов отбасы
Түркістан облысы – Абилдаев отбасы
Қызылорда облысы – Смағұлов отбасы.