Елордада Конституция күніне орай асық атудан қалалық жарыс өтті
Астана қаласындағы «Aspan» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай асық атудан және бес асықтан ересектер және жастар арасында қалалық ашық кубогы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, жарысқа елорда мен Ақмола, Павлодар облыстарынан келген сегіз команда қатысты. Ұлдар бес табаннан өзара мықтыны анықтаса, қыздар жағы бес асықтан сайысқа түсті.
Жаттықтырушылардың айтуынша қазір асыққа қызығатын бала да, үлкендер жағы да көбеюде. Мәселен, бұған дейін мұндай жарыс тек қала бойынша өтіп келсе, осы жылдан бастап екі өңір қосылып, аймақтық деңгейге көтерілді дейді ұйымдастырушылар.
Жарыстың қорытындысы бойынша асық ату спорт түрінен VI ұлттық спорт фестиваліне «Астана» командасы тікелей жолдама алды. Команда құрамында Мырзамұрат Қайыпбеков, Есен Жұмағұлов, Сапаралы Серікбаев бар.
Ал, бес асық бөлімі бойынша 1-орынды «Аспан» командасы ие болып, фестивальге жолдама алды.