Жаңалықтар

Елордада кеңейтілген педагогикалық кеңес өтті

Елордада кеңейтілген педагогикалық кеңес өтті
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты 30.03.2023 11:14 1250

Астана қаласы Білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ұрпақ тәрбиесі – Ұлт болашағы» атты қалалық бірыңғай педагогикалық кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оған қалалық әкімдік өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, елорданың 1500-ге жуық ұстаздары мен ата-аналары қатысты.

Елордада кеңейтілген педагогикалық кеңес өтті

Мұндай форматта педагогикалық кеңес Астанада алғаш рет өтіп отыр. Жиын отбасы мен мектептің ынтымақтастығына, отбасылық тәрбиеге бағытталды.

«Мен ең алдымен, педагог ретінде де, ата-ана ретінде де бала тәрбиесі бірінші кезектегі міндет екенін, бұл ата-аналардың да, тәрбиешілердің де өзара жауапкершілігі екенін айтқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты құру үшін қоғамдағы әкелер мен аналардың рөлін арттыру оларды мектеп өміріне жұмылдыруға, табысты отбасылардың тәжірибесін таратуға бағыттау үшін елорданың «Әкелер кеңесі» мен «Аналар мектебін» құрған болатынбыз. Қазіргі таңда екі ұйым да белсенді жұмыс істейді», - деді Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Жамбылқызы.

Педагогикалық кеңес барысында балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеудің, ата-ана рөлінің, ересектер мен балалар арасындағы қарым-қатынасты жолға қоюдың маңызды мәселелері көтерілді.

«Бұл – жаңа жоба. Өздеріңіз байқағандай, еркін форматта өтеді. Педагогикалық кеңесте тек атқарылған жұмыс бойынша есеппен шектелмеу қажет. Спикерлерді де арнайы іріктеп алдық. Олар білім беру ұйымдарының өкілдеріне мотивациялық әрі тәрбиелік тұрғыда бала тәрбиесіне қатысты маңызды ақпараттарымен бөлісті. Бәрімізге белгілі, балаға әуелі тәрбие беру керек. Одан кейін білім беру қажет. Бүгін 200-ден аса ата-ана, 600-ден аса сынып жетекшісі, 200-ден аса білім беру ұйымының басшысы, 200-ден аса мектеп директорының орынбасары және мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар қатысты», - деді Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дәуешова.

Сондай-ақ, бүгінгі педагогикалық кеңестегі диалог мектептер қызметінің бағыттарын, ата-аналардың балаларын тәрбиелеу туралы көзқарастарын қайта қарауға мүмкіндік береді, жаңа іс-әрекеттерге белгілі бір бастама болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға