Жаңалықтар

Елордада кальян ұсынған мекемелерге айыппұл салынды

Елордада кальян ұсынған мекемелерге айыппұл салынды
Фото: Астана қаласы әкімдігі 23.02.2025 05:30 169

Елорданың Байқоңыр ауданында кальян барына ауқымды рейд жүргізілді, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, бір түнгі аралау барысында 5 тұлғаға 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Байқоңыр ауданында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 441-бабына сәйкес қоғамдық тамақтану орындарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянды тұтыну фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша рейдтік шаралар жалғасуда.

Жыл басынан бері Байқоңыр ауданында қоғамдық тамақтану орындарында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, кальянды тұтыну бойынша барлығы 54 факті анықталған.

Рейдтік іс-шаралар жоспарын әзірлеу кезінде құқық қорғау органдары қала тұрғындарының шағымдарын ескеріп, аталған аумақтарда құқық бұзушылықтарға талдау жүргізгені атап өтілді. Полиция мұндай рейдтер демалыс және мереке күндері күшейе отырып, тұрақты негізде жүргізілетінін атап өтті.

Еске салайық, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салуды енгізу туралы қаулы 2013 жылдың 14 наурызында күшіне енген болатын. Тиісті талап бұзылса, кальян шегетіндерге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап бұзғаны үшін – 20 АЕК. Ал мекеме иелеріне 20-дан 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға