Жаңалықтар

Елордада ірі ұтыстар туралы хабарлайтын алаяқтық call-орталығы жойылды

Елордада ірі ұтыстар туралы хабарлайтын алаяқтық call-орталығы жойылды
Фото: Polisia.kz 16.03.2025 12:41 197

Ішкі істер министрлігі алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды анықтау және жолын кесу бойынша шаралар кешенін жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері елордалық бизнес-орталықтардың бірінде алаяқтық сall-орталықты жойды. Қаскөйлер өздерін "Техносмарт", "Байзон", "Like me shop" интернет-дүкендерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, көліктер мен пәтерлер сияқты ұтыстар туралы хабарлап, оларға салық төлеу қажетті туралы айтқан.

Жедел іс-шараларды өткізу кезінде кеңсенің алты қызметкері ұсталды. Олардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары. Жеті ноутбук, маршрутизатор, wi-Fi роутер тәркіленді.

Егер сіз осындай алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, 102 нөміріне немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша полиция бөліміне хабарласыңыз. Сонымен қатар Жетісу облысында полицейлер ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, интернет-алаяқтық жасау үшін sim-box құрылғысын пайдалану фактісін анықтады.

Тінту барысында 96 слоты бар жеті sim-box құрылғысы, қазақстандық ұялы операторлардың 50 мыңнан астам sim-картасы, жеті ұялы телефон, екі ноутбук, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған деп болжанған ИЖ-53 маркалы екі пневматикалық тапаншасы және төрт армиялық каска тәркіленді. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Биыл киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері барлығы 64 sim-box құрылғысын анықтап, отандық ұялы операторлардың 90 мыңға жуық sim-картасын тәркіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға