Елордада хоккейдің жас шеберлері сынға түсіп жатыр
Астана төрінде ауылдық балалар-жасөспірімдер командалары арасында шайбалы хоккейден республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Турнир басталар алдында сөз алған Қазақстан хоккей федерациясының спорт директоры Алексей Мамонтов жас өрендерге сәттілік тіледі.
Бұл спорттық іс-шара Қазақстандағы балалар хоккейінің тарихындағы ең ірі турнир ғана емес, сонымен қатар өңірлердегі балалар үшін ең қолжетімді шаралардың біріне айналды деуге әбден болады. Айтулы турнир Астанада осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Жас спортшылардың әлеуеті мен олардың жеңіске деген құлшынысының арқасында бізде чемпиондардың керемет буыны өсіп келе жатыр. Олай дейтінім, ауыл балалары мен қала жасөспірімдері турнирге қатысуға көптеп қызығушылық танытуда. Осы турнир Қазақстанда жасөспірімдер мен жастар спортын дамытуға бағытталған тамаша қадам деп білемін, – деді ол.
Алдағы үш күн бойы елордалық «Барыс» спорт кешенінде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Ақтөбе облыстары, Астана және Алматы қалаларынан 300-ден астам жас хоккейші бақ сынайтын болады. Сондай-ақ, бұл турнирде Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушілері де жүлдеге таласады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтулы дода өңірлердің ауылдық командалары арасында жоспарланған ірі хоккей жарыстары сериясының үшінші турнирі. Осыған дейін «SAMRUK BALA CUP» аясында ұйымдастырылған екі турнирге бас-аяғы 600-ге жуық жас спортшы қатысты.
Айта кетелік, республикалық турнирдің жеңімпаздары 31 наурыз күні белгілі болады.