Елордада халықаралық кітап-көрме жәрмеңкесі басталды

Астанада VI мәрте «Eurasian Book Fair-2023» Еуразиялық халықаралық кітап-көрме жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Халықаралық кітап көрме жәрмеңкесінің басты ұйымдастырушысы – «Фолиант» баспасы. Аталған баспаның қазақ редакциясы нон-фикшн бөлімінің аға редакторы Ақерқе Берденбекқызы көрмені өткізудегі негізгі мақсатқа тоқталды.
Бүгінде «Фолиант» баспасының кітап ассортименті 1000-ға жуық. Ең таңдаулы туындыларды, әлемдік деңгейдегі шығармаларды оқырмандардың қазақ тілінде, яғни өз ана тілімізде оқып, көштен қалмай, таным көкжиегін кеңейту – баспаның басты мақсаты. Сондай-ақ баспамызда балалар әдебиетіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Оқырмандар көрмеден кез келген жас ерекшелігі мен балалардың қызығушылығына байланысты кітап ассортиментіне қол жеткізе алады, - деді ол.
Бүгін көрмеде «Фолиант» баспасының екі кітабының тұсаукесері өтеді. Бірі – Медеу Сәрсекенің «Ноқталанған тарихшы», екіншісі – Баянғали Әлімжановтың «400 тақпақ кітап» атты туындысы.
Кітап көрмесіне Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан 70-тен астам баспа, кітап саудасы, ғылыми білім беру ұйымдары және полиграфиялық компаниялар қатысып жатыр.
Көрме барысында 6 номинация бойынша «Жылдың ең үздік кітабы» анықталады. Олар: үздік оқулық, үздік өлкетану басылымы, балаларға арналған кітап, мәдениет пен өнер, ғылым мен инновация, гран-при жүлдесі.
Айта кетейік, «EXPO» Халықаралық көрме орталығында өтіп жатқан іс-шара 19-23 сәуір аралығына дейін жалғасады.
