Елордада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті
Елордада Жастар спорт кешенінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық порталы.
Жәрмеңкеде 55 жұмыс беруші 1402 бос жұмыс орнын ұсынды. Әр жыл сайын 10 рет ұйымдастырылатын жәрменкенің бүгін тоғызыншысы өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаладағы жұмыссыздардың нақты саны әзірге белгісіз.
Дегенмен бұл жолғы жәрмеңкеде жұмыс іздеушілердің аз келгенін айтып отыр.
"Әрбір саладан түрлі жұмыс беруші келеді. Егер жұмыс іздеуші компаниялар қойған талапқа сай келсе алғашқы әңгімелесуден кейін тағылымдамадан өтіп, жұмысқа қабылданады. Бұған дейін Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкелер арқылы 260 адам жұмысқа орналасты", - дейді ұйымдастырушылар.
Жыл соңына дейін дәл осындай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тағы өтетін болады.